Конституцияны қабылдау сындарлы жағдайда өтті. Біріншіден, Президент жанынан парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оның мүшесі болдым. Біз 2025 жылғы қазан айынан 2026 жылғы 19 қаңтарға дейін жұмыс істедік. Парламенттік комиссия жұмысының нәтижесінде қазіргі заманның талаптарына, цифрландыру үдерісіне, Қазақстанның жаңа даму белестеріне көтерілуіне, сондай-ақ, азаматтық қоғамды қалыптастыру және оны одан әрі демократиялық дамыту міндеттеріне сай келетін толыққанды жаңа Конституцияны қабылдау қажет деген жинақталған қорытынды жасалды.
Осы тұрғыдан алғанда Конституцияда мемлекеттің дамуының маңызды перспективалары айқындалды. Ең алдымен бұл – преамбула. Мен оның дайындалуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді қатысқанын ерекше атап өткім келеді. Тіпті, преамбуланы іс жүзінде Президент өзі дайындады деуге болады. Бұл преамбула жаңа құжаттың бүкіл құрылымы үшін принциптік маңызға ие.
Конституция нормаларына сәйкес Қазақстан өзін демо- кратиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады. Ал адамның өзі, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең жоғары құндылық. Конституцияның преамбуласы еліміздің инновацияларға, мәдениетке және заманауи дамуға ашық екенін көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда Конституцияның жас ұрпақ үшін маңызы зор. Ол болашаққа бағытталған. Бұл – жаңа дәуірдің Конституциясы қазақстандықтарға өздерінің дамуы мен мемлекеттің дамуы үшін өте үлкен мүмкіндік береді.
Конституцияда алғаш рет Қазақстанның унитарлық мемлекет және президенттік республика екені жазылды. Бұл көптеген мемлекетте ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқару нысанының қайсысы тиімді екені жөнінде – аралас, парламенттік немесе президенттік басқару үлгісі туралы пікірталастың жалғасып келе жатқанын білдіреді. Алайда қазіргі саясаттанушылардың негізгі қорытындысы – Қазақстан сияқты өтпелі кезеңдегі мемлекет үшін ең тиімді модель президенттік республика.
Тарихқа жүгінсек, 2010 жылы Қырғызстан президенттік республикадан бас тартып, парламенттік басқару нысанына көшті. Алайда он жыл ішінде қоғамның мұндай модельге әлі дайын болмағаны белгілі болды. Сондықтан 2020 жылы Қырғызстан қайтадан президенттік басқару нысанына оралды. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан күшті әрі әділетті мемлекет болуы тиіс, ал оның басты басымдығы – халықтың мүддесі.
Біздің Конституциямызда алғаш рет «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздері бас әріппен жазылды. Бұл Қазақстанның өзінің егемен дамуы мәселелеріне ерекше мән беретінін айқын көрсетеді.
Конституцияның тағы бір ерекшелігі – вице-президент лауазымының енгізілуі. Біз Мемлекет басшысының мойнында өте үлкен жұмыс көлемі бар екенін жақсы түсінеміз. Әсіресе қазіргі халықаралық қатынастардағы дағдарыс жағдайында сыртқы саясат мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Ал вице-президент негізінен мемлекеттің ішкі саясаты мәселелерімен, сондай-ақ, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылымен айналысады. Сондықтан мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін.
Конституцияның тағы бір ерекшелігі – «Қазақстан Халық Кеңесі», яғни, Қазақстанның Халық кеңесі атты жаңа органның құрылуы. Бұл – халықтың мүддесін ең жоғары деңгейде білдіретін жоғары консультативтік орган. Қазіргі Қазақстанның ерекшелігі де дәл осында. Мемлекет басшысы ұсынған формулаға сәйкес бізде күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет бар. Сонымен қатар «Қазақстан Халық Кеңесінің» енгізілуі арқылы халық өз ұстанымын одан әрі нығайтады. Бұл орган да мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқаратын болады.
Кабдулсамих Айтхожин,
заң ғылымдарының докторы, профессор





