Экология және табиғи ресурстар министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге ағын сулары секторындағы метан шығарындысын азайту бойынша консультациялар өткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауқымды жиынға KazWaste қауымдастығы, Астана Су Арнасы мен өзге де мүдделі мекемелер қатысты. Басқосу теориялық талдаудан нақты іс-әрекетке ауысу мақсатын көздейді. Келіссөздер барысында инвестициялық мүмкіндіктерді айқындау, ағын суларды тазалау нысандарын жаңғырту және метанды реттеуде халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері талқыланды.
Метан – парник газдарының қатарындағы өте қауіпті элемент. Оның ауаға таралуы ғаламдық жылыну процесін жеделдетеді. Метан шығарындысын барынша азайту – Қазақстанның экологиялық тұрақтылығы мен климаттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы мұндай бастамалар еліміздегі инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңартуға жол ашады.
Қазіргі уақытта қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық маңызы артып келеді. Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы серіктестік экологиялық жобаларға тиімді инвестиция тартуға және заманауи технологияларды игеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ағын суларды тазалау жүйесін цифрландыру және жаңғырту бойынша іс-шаралар жоспарланған. Министрлік пен халықаралық қаржы институттарының өзара іс-қимылы экологиялық таза өндірісті қалыптастыруға оң әсер етеді.
Аталған жобалардың нәтижесінде кәсіпорындардың экологиялық көрсеткіштері жақсарып, метан шығарындысының деңгейі төмендейді. Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шаралар тұрақты дамудың негізгі тетіктерінің бірі.





