Тіл – ұлттың танымы мен болмысын қалыптастыратын басты құндылық. Оның байлығы сөздік қордың тереңдігімен, ойды жеткізу мүмкіндігімен және қоғамдағы қолданыс аясымен өлшенеді. Осы орайда І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде қазақ тілінің әлеуетін кеңінен танытуға, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын нығайтуға бағытталған «TIL TALQY» TEDx форматындағы іс-шара өтті.
Кездесуге филолог-зерттеуші Арын Құнанбайұлы, журналист әрі әнші Мөлдір Байбуринова және тіл жанашыры Әйгерім Молдабаева спикер ретінде қатысып, өз салаларындағы тәжірибелерімен бөлісті. Жиын барысында мемлекеттік тілдің бүгінгі қоғамдағы рөлі, жастардың кітап оқуға қызығушылығы, қазақ тілінде тың идеяларды жүзеге асыру мүмкіндіктері сөз болды.
Шарада басты назар қазақ тілін тек күнделікті қарым-қатынас құралы ретінде емес, білім мен ғылымның, шығармашылық пен жаңа бастамалардың тілі ретінде дәріптеуге аударылды. Әсіресе жастар арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның заманауи мүмкіндіктерін көрсету мәселелері қозғалды.
Филолог-зерттеуші Арын Құнанбай-ұлы өз сөзінде тіл үйрету мен сөз үйретудің аражігін ажырата білу қажеттігіне тоқталды. Оның пайымынша, баланың тілдік сауатын қалыптастыру грамматика мен ережелерді меңгертумен шектелмеуі керек. Өйткені тіл – тұтас танымдық платформа, ал сол платформаның маңызды тірегі – сөздік қор.
– Біз тілді тек коммуникация құралы емес, танымның тетігі деп бекер айтпаймыз. Сондықтан баланың болмысын, құндылықтарын, танымын қалыптастыруда тілдің орны ерекше. Ал тіл дегеніміз, тек грамматика, синтаксис пен морфология ғана емес, ол – үлкен платформа. Соның негізгі бөліктерінің бірі – сөздік қор. Біз балаға тіл ұқтырғанымызбен, сөз ұқтырмайтын болсақ, ол толыққанды қазақ бола ала ма? Бала грамматиканы жақсы білуі мүмкін, бірақ сөздің мағынасын түсінбесе ше? Осындай өзекті мәселелер мен келелі сұрақтарды бүгінгі дәріс барысында талқыладық, – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ-Британ техникалық университетінің сениор-лекторы Арын Құнанбайұлы.
Спикердің бұл пікірі тіл меңгертудің мазмұнына жаңаша қараудың маңызын аңғартады. Шын мәнінде, сөздің мағынасын түсіну, оны орынды қолдану және ойды ана тілінде еркін жеткізу – тілдік мәдениеттің негізгі көрсеткіштері. Демек, тілдің байлығын сақтау да, оны келер ұрпаққа жеткізу де сөздік қорды дамыту мен кітап оқу мәдениетін қалыптастырудан басталады.
Кездесудің тағы бір спикері Мөлдір Байбуринова журналистика мен өнерді ұштастыра отырып, әлемдік танымал әндерді қазақ тілінде орындауымен көпшілікке танылған. Оның шығармашылық жолы ана тілінің мүмкіндігі кең екенін, қазақ тілінде де әлемдік музыканың мазмұны мен әуезін жеткізуге болатынын көрсетеді. Бұл тілді өнер арқылы насихаттаудың және оның қолданыс аясын жаңа бағыттарда кеңейтудің бір үлгісі.
Ал облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы, тіл жанашыры Әйгерім Молдабаева республика көлемінде өз тәжірибесін ұсынып жүрген маман ретінде тіл үйрету мен оны насихаттаудың маңызын ортаға салды.
Мұндай кездесулердің жастар үшін маңызы зор. Себебі тілдің қадірін түсіндіру оны міндеттеу арқылы емес, оның мүмкіндігін нақты іспен көрсету арқылы нәтижелі болмақ. Қазақ тілінде ғылыммен айналысуға, сапалы контент жасауға, өнерді дамытуға және жаңа идеяларды жүзеге асыруға болатынын көрсету – бүгінгі тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі.
Медет ЖҰМАБАЙ






