Жаһандану заманында білім беру жүйесін цифрландыру – уақыт талабы. Инновациялық технологиялар арқылы оқытудың сапасын арттыру мақсатында «Сарыөзек орта мектебі МДШО» КММ-не 2024 жылы «TopIQ.kz» электрондық платформасы енгізіліп, білім ордасына жаңа серпін берді. Алғашқы күннен бастап жобаның ұстаздар қауымы мен оқушыларды арнайы лицензиялар арқылы жүйеге сәтті қосып, заманауи білім кеңістігіне жол аштық.
Жаңа цифрлық құралдың мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау мақсатында мектеп мұғалімдеріне арналған тәжірибелік семинарлар мен түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырдым. Нәтижесінде, ұстаздар платформаның тиімділігін бірден байқап, оны күнделікті сабаққа белсенді қолдана бастады. Платформаның басты ерекшелігі – мұғалімнің уақытын үнемдейтін дайын әрі сапалы мазмұнында. Платформада әр сабаққа қажетті дайын тапсырмалар, терең мазмұнды конспектілер, логиканы дамытатын сәйкестендіру тапсырмалары, заманауи тесттер, көрнекі суреттер мен кестелер, сондай-ақ оқушыны қызықтыратын «Иә/Жоқ» ойындары мен «Сөздерді табу» секілді интерактивті элементтер шоғырланған. Бұл әдістер сабақтың тартымды өтуіне және оқушылардың білімге деген құштарлығын оятуға зор септігін тигізуде.
Өзім информатика пәнінің мұғалімі ретінде бұл платформаның техникалық әрі әдістемелік әлеуетін жоғары бағалаймын. Мектебімізде өткен облыстық деңгейдегі семинарда «TopIQ.kz» платформасын қолдана отырып ашық сабақ өткіздім. Облыс көлемінен жиналған әріптестерім инновациялық платформаның сабақ барысында қалайша тиімді құралға айналатынын өз көздерімен көріп, жоғары баға берді. Маған маман ретінде де, ұстаз ретінде де бұл платформамен жұмыс жасау өте қолайлы әрі ыңғайлы болды.
«TopIQ.kz» тек жаттығулар жинағы ғана емес, рухани қазына ордасы. Платформа қорында мектеп бағдарламасына қажетті әдеби оқулықтардың толықтай қамтылуы – оқушылардың кітап оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Алдағы уақытта білім додасына қадам басқалы тұрған түлектеріміз үшін ҰБТ-ға дайындық қосымшасының енгізілуі – бағдарламаның болашағы зор, серпінді жоба екенінің дәлелі деп түсінемін.
«TopIQ.kz» – білім берудің жаңа көкжиегін ашқан, мұғалімге қанат, оқушыға ізденіс сыйлаған бірегей платформа. Цифрлық мектептің болашағын бүгіннен бастап бірге құру – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік.
Сания Үмбетқұлова
информатика пәнінің мұғалімі,
Сарыөзек ауылы





