Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігіне, елдің тұрақты дамуына және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімінің артуына кедергі келтіретін ең өзекті мәселе.
Есеп беретін, ашық әрі нәтижеге бағытталған мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру жағдайында Қазақстан үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті.
Соңғы жылдары елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі саясат дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Ол заң үстемдігіне, ашықтыққа, есептілікке және азаматтық қоғамның белсенді қатысуына негізделген. Бұл саяси үдерістің негізгі басымдығы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, түрлі саладағы жемқорлық тәуекелдеріне жан-жақты талдау жүргізу және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Қоғам дертімен күресте мемлекеттік қызметтерді кең көлемде цифрландырудың да маңызы зор. «Ашық үкімет», «Цифрлық Қазақстан», «Е-лицензиялау» және басқа да жобалар мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тікелей байланысты азайту арқылы тұрмыстық және әкімшілік сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелі болуы әрбір азаматтың ішкі жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Адалдық, әділдік, принципшілдік және кез келген құқықбұзушылыққа мүлде төзбеушілік әрбір қазақстандықтың бұлжымас қағидатына айналуы тиіс.
Әділет Сұлтанбек,
«Жетісу Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының комплаенс-офицері





