Соңғы кездерде әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда жеке сот орындаушылар жайында шындыққа сәйкес келмейтін ақпарлар таралуда. Бұндай жазбалар қоғамда қате көзқарастың қалыптасуына себеп. Желіде тараған сот орындаушылар турасындағы миф- ақпараттарды таразылайық…
Жұртты жаңсақ ойға жетелейтін әуелгі миф – «Жеке сот орындаушысы өз қалауынша азаматтың есепшотын бұғаттайды немесе мүлкін тәркілей алады». Бұл көренеу жалған ақпар. Елімізде әрбір атқарушылық әрекет заңда белгіленген негіздер мен рәсімдер негізінде жүзеге асады. Жеке сот орындаушысы тек заңды күшіне енген атқарушылық құжат аясында ғана әрекет етеді. Мынаны түсінген абзал, жеке сот орындаушы өкілеттігінен тыс шешім қабылдауға құқылы емес.
Келесі миф – «Жеке сот орындаушысы өндіріп алынған қаражатты өз меншігінде қалдырады». Шыны сол, өндіріп алынған қаражат ең алдымен өндіріп алушыға беріледі. Ал жеке сот орындаушысының қызметіне төленетін ақы заңнамамен белгіленген тәртіп бойынша ғана есептеледі. Оның мөлшері еркін айқындалмайды. Әдетте кей кісілер жеке сот орындаушы борышкердің барлық мүлкін бірден алып қояды деген ойда. Алайда заңда өндіріп алуға жатпайтын мүлік түрлері нақты көрсетілген. Сонымен қатар мәжбүрлеп орындату шаралары борышкер өз міндеттемесін белгіленген мерзімде ерікті түрде орындамаған жағдайда ғана қолданылады.
Үшінші миф – «Жеке сот орындаушысы тек өндіріп алушының мүддесін қорғайды». Жаңсақ пайым. Атқарушылық іс жүргізу барысында өндіріп алушының да, борышкердің де құқықтары заңмен қорғалады. Әрбір тарап қабылданған әрекеттерге шағымдануға, қажетті ақпарат алуға және заңда көзделген өз мүддесін қорғауға құқылы.
Әлеуметтік желідегі барлық ақпар шындықпен үндеспейді. Сондықтан азаматтарға ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, заң талаптарын дұрыс түсіну маңызды. Мынаны түсінген абзал, жеке сот орындаушысының мақсаты – азаматтарды жазалау емес, заңды күшіне енген сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру. Сот шешімінің орындалуы – әділдіктің салтанат құруының соңғы әрі ең маңызды кезеңі.
Асхат БАЛТАБАЕВ,
Жетісу облысы атқарушы округінің
жеке сот орындаушысы





