Ақсу ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Диқандар қолайлы ауа райын тиімді пайдаланып, алтын дәнді ысырапсыз жинауға жұмылса, мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар қысқы мал азығын қамдауды қатар жүргізуде.
Биыл аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 62 172,77 гектар алқапқа егіліп, жоспар толық орындалды. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 30 мың 280 гектарға себіліп, жоспар 104,2 пайызға орындалған.
Бүгінге дейін жиналуға тиіс 19 мың 71 гектар дәнді дақылдың 1 785 гектары немесе 9,4 пайызы орылып, 3 878 тонна астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 21,8 центнерді құрап отыр. Бұл көрсеткіш аудан диқандарының егін өсірудегі еңбегінің нәтижесін аңғартады.
Негізгі дақылдардың ішінде күздік бидайдың 7 мың 25 гектарының 2 380 гектары жиналып, 5 140,8 тонна өнім алынды. Орташа өнімділігі гектарына 21,6 центнер болды. Ал жаздық арпаның 12 мың 46 гектарының 1 480 гектары орылып, 3 256 тонна астық бастырылып, орташа өнімділігі гектарына 22 центнерге жетті.
Ауданда тек дәнді дақылдар ғана емес, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Майлы дақылдар 13 406 гектарға, қант қызылшасы 2 600 гектарға орналастырылса, картоп 500,8 гектарға, көкөніс 217,6 гектарға, бақша дақылдары 219,37 гектарға егілді.
Егін орағымен қатар қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да қарқын алған. Биыл аудан бойынша 412,2 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 100,6 мың тоннасы әзірленіп, жоспардың 24,4 пайызы орындалды.
Атап айтқанда, 243,5 мың тонна шөп дайындау жоспарының 68,1 мың тоннасы жиналып, 28 пайызы орындалды. Пішендеме толық көлемде дайындалып, жоспар 100 пайызға орындалса, сабан дайындау жұмыстары да жалғасып, бүгінге дейін 3 мың тонна немесе жоспардың 6,9 пайызы жиналды.
Шабындық алқаптарда да жұмыс қызу. Көпжылдық шөптің 12 мың 756 гектары шабылып, 38 мың 368 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар біржылдық шөптің 1 480 гектарынан 3 700 тонна мал азығы дайындалды.
Қазіргі таңда Ақсу ауданында егін жинау мен мал азығын дайындау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдары заманауи техниканың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, қолайлы ауа райын ұтымды қолдану арқылы науқанды сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды көздеп отыр. Ақсу аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Османбековтің айтуынша, биылғы науқан белгіленген жоспарға сай ұйымдастырылып, барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары егінді шығынсыз жинауға және қысқы мал азығын уақытылы дайындауға күш салып отыр.
Қазіргі таңда ауданда егін орағы мен мал азығын дайындау жұмыстары қатар жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыз – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап алу, алдағы қыс маусымына жеткілікті мал азығын дайындау және науқанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда, – дейді бөлім басшысы Ерлан Тұрарбекұлы.
Гүлжан ТҰРСЫН





