19 шілдеден бастап Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-төлем жүйесі ресми түрде жұмыс істей бастайды. Енді қазақстандықтар жүйеге қосылған кез келген сауда орнында тауарлар мен қызметтердің ақысын өздері пайдаланатын кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы төлей алады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, бірыңғай QR жүйесін іске қосу – цифрлық төлемдер саласындағы маңызды жобалардың бірі.
– Ресми түрде бірыңғай QR 19 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл күн жексенбіге сәйкес келгендіктен, оның функционалын бүгіннен бастап көрсетуді жөн көрдік, – деді Тимур Сүлейменов брифинг барысында.
Оның сөзінше, жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін кәсіпкердің қай банкпен жұмыс істейтініне қарамастан, тұтынушылар өздерінің банк қосымшасы арқылы кез келген сауда нүктесінде төлем жасай алады.
– Клиенттер кез келген сауда нүктесіндегі кәсіпкерден тауарлар мен қызметтерді өз банкінің қосымшасы арқылы кедергісіз сатып ала алады, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Тимур Сүлейменов жобаны жүзеге асыру үшін ұзақ уақыт бойы дайындық жүргізілгенін айтты. Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктер өздерінің төлем сервистерін әзірлегеннен кейін оларды бірыңғай жүйеге біріктіру жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар жүйелердің өзара үйлесімділігі мен деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған.
Ұлттық банк төрағасы жобаны іске асыруға атсалысқан екінші деңгейлі банктерге, Ұлттық төлем корпорациясына және Ұлттық банктің цифрлық блогына алғыс білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк бірыңғай QR жүйесі клиенттерге кез келген банк қосымшасы арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретінін, ал кәсіпкерлер үшін бірнеше түрлі QR-шешімнің орнына бірыңғай инфрақұрылым арқылы төлем қабылдау мүмкіндігі ұсынылатынын хабарлаған болатын.





