«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңының талаптарын түсіндіру мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы Қобылан Манап пен облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай Панфилов ауданына келіп, бірқатар ауылдық округ тұрғынымен кездесті.
Спикерлер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызметке қатысты заңнамадағы өзгерістер мен жаңа талаптар турасында таразылады.
Бұнан соң аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілермен кеңейтілген кездесу өтті. Басқосуда Қобылан Манап «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның негізгі бағыттарына тоқталып, мемлекеттік қызмет жүйесінде енгізілген өзгерістер турасында баяндады. Оның айтуынша, жаңа заң мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеті мен халыққа қызмет ету мәдениеті де мемлекеттік басқару жүйесінің беделін қалыптастырады.
Өз кезегінде Әдеп жөніндегі уәкіл Ғабит Тұрсынбай мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, заң талаптарын сақтау және азаматтармен қарым-қатынас мәдениеті мәселелеріне ерекше тоқталды. Айтуынша, мемлекеттік қызметші қандай жағдайда да кәсібилік пен әдеп қағидаларын басшылыққа алып, халықтың сеніміне лайық қызмет етуі керек.
Кездесу соңында аудандық еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов жаңа заңның қолданысына қатысты өз пікірін білдірді. Осындай келелі кездесулері мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіруге, заң талаптарының сапалы орындалуына және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





