Панфилов ауданында қазақ күресі мен дзюдо спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті бапкер Жанат Тұрлықожаұлы Нұрсағатовтың зейнеткерлік жасқа толуына орай дзюдодан ашық облыстық турнир ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға 2012-2013 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар қатысты.
Салтанатты шараның шымылдығын Панфилов ауданының әкімі Марат Рахымбердіұлы Сағымбек ашып, ардагер бапкерге аудан жұртшылығы атынан зор алғысын білдіріп, зор денсаулық пен баянды ғұмыр тіледі.
Жанат Тұрлықожаұлы 1963 жылы 22 қарашада Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. Спорт саласындағы 41 жылдық еңбек өтілінде Панфилов аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет етіп, талай талантты шәкірт тәрбиеледі.
Байрақты бәсекеге еліміздің әр өңірінен және көршілес Қырғызстан Республикасынан келген барлығы 10 команда, 230-дан астам жас балуан қатысып, боз кілемде өзара мықтыны анықтады.
Ұлағатты ұстазға деген ел-жұрттың ықыласы ерекше болды. Шара барысында туыстары мен балалары атынан темір тұлпар, ал ауыл азаматтары мен шәкірттері атынан сәйгүлік ат мінгізіліп, зор құрмет көрсетілді.
«Жетісу-Ақпарат»






