Қазақстанда автокөліктерді ел аумағына заңсыз әкелудің алдын алу бойынша жаңа шаралар әзірленеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Үкімет басшысының айтуынша, елімізге көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркеліп отыр. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді.
Ол бұл мәселенің туындауына кеден заңнамасы нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтар да әсер ететінін атап өтті.
– Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге 10 күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар кешенін әзірлесін. Қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болуға тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы тиісті тәсілдер биыл 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілуге тиіс екенін ескертті.
Сондай-ақ қабылданып жатқан шаралар бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты.
– Қабылданып жатқан барлық шара бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевта, – деді Үкімет басшысы.





