Қазақстанда 681 мыңнан астам азаматқа әкімшілік рақымшылық жасалып, жалпы сомасы 22,8 млрд теңге айыппұл кешірілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет ұйымдастырылған бұл ауқымды шара жаңа Конституция аясында жүзеге асты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен атқарылған әкімшілік рақымшылық халыққа көрсетілген нақты қамқорлықтың айқын дәлелі. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, небәрі бір айға жетпейтін уақыт ішінде 1,3 млн әкімшілік іс бойынша жазаларды орындау толық тоқтатылды.
Маңызды шешім Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 380-нен астам бабын қамтыды. Оның ішінде салық, кеден, санитариялық, экологиялық құқық бұзушылықтар, кәсіпкерлік пен сауда саласындағы ереже бұзу жағдайлары бар. Мемлекеттік органдар анықтаған, қамауға алуды көздемейтін жеңіл құқық бұзушылықтар да осы тізімге енгізілді. Бұл ретте қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірмейтін істерге ғана рақымшылық берілді.
Аталған саяси-әлеуметтік қадамның ең басты артықшылығы – процестің цифрландырылуында. Прокуратура мен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында азаматтардан ешқандай өтініш немесе құжат жинау талап етілген жоқ. Олар халыққа қызмет көрсету орталықтарын аралап, әуре-сарсаңға түскен жоқ. Барлық істер жүйеде автоматты түрде жабылып, тұрғындарға арнайы СМС-хабарлама жіберілді.
Қаржылық жүктемеден босатумен қатар, азаматтардың банк шоттарындағы бұғаттаулар алынып, атқарушылық шектеулер тоқтатылды. Тіпті арнайы айып тұрағына жабылған мыңдаған автокөлік иелеріне кері қайтарылды. Мәселен, Жетісу облысында жыл басынан бері төленбеген айыппұл салдарынан тұрақта тұрған көлік өз иесіне қайта берілді. Жетісулық тұрғын бұл жеңілдікті қуанышпен қабылдап, мемлекеттің қолдауын жоғары бағалады.





