«Қазгидромет» мамандары тамыз айына арналған алдын ала агрометеорологиялық болжамын жариялады. Болжамға сәйкес, еліміздің жеті облысындағы 20-дан астам аудан мен бірқатар елді мекенде қуаңшылық болуы ықтимал, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қуаңшылық қаупі бар өңірлер қатарына:
- Батыс Қазақстан облысында – Бөкейорда және Жәнібек аудандары;
- Ақтөбе облысында – Шалқар мен Ырғыз аудандары;
- Атырау облысында – Құрманғазы ауданы;
- Жетісу облысында – Алакөл және Ақсу аудандары;
- Жамбыл облысында – Мойынқұм, Қордай, Сарысу, Талас, Шу, Жамбыл және Байзақ аудандары;
- Түркістан облысында – Арыс, Созақ, Ордабасы, Шардара, Түлкібас және Бәйдібек аудандары;
- Қызылорда облысында – Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандары және Қызылорда қаласы енгізілген.
Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев және Есіл аудандарында, сондай-ақ Қостанай облысының Ұзынкөл мен Қамысты аудандарында ылғалдылық деңгейі орташа болады деп күтіледі.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, еліміздің қалған аумақтарында ылғалдану жағдайы көпжылдық климаттық нормаға жақын болады.
Синоптиктер алдын ала жасалған бұл болжам алдағы уақытта ауа райы жағдайына қарай нақтылануы мүмкін екенін атап өтті.





