Ел экономикасының флагманы саналатын ұлттық әл-ауқат қорының қызметіне қатысты маңызды мәлімдеме жасалды. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов қор басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты түсініктеме берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуде. Барлық мән-жайлар жан-жақты тексерілуде, ал жағдай Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. Құзыретті органдар заң талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті тергеу жүргізуді қамтамасыз етеді. Орын алған жағдай қордың бүкіл компаниялар тобының жұмысына күмән келтіруге негіз бола алмайды. Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының жаңа төрағасы тағайындалып, басқару ісіндегі сабақтастық пен жұмыстың үздіксіздігі толық сақталады.
Қор тобына кіретін барлық кәсіпорындар штатық режимде жұмысын жалғастыруда. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалып, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарларға сай іске асырылады. Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық міндеттемелер уақтылы әрі толық көлемде орындалады. Сонымен қатар аталған жағдай корпоративтік басқаруды одан әрі нығайту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүйелі шаралар қабылдауды қажет етеді. Осы мақсатта кеңестердің, әсіресе аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлі күшейтіледі. Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, шешімдердің ашықтығы арттырылады. Үкімет қордың тұрақтылық, ашықтық пен жауапты әріптестік қағидаттарына беріктігін растайды.






