Қоғамдық пікірдің салмағы артып, азаматтық үннің мемлекеттік шешімдерге ықпал ете бастауы – кемел елдің басты белгілерінің бірі. Парламенттік реформа аясында азаматтық қоғам өкілдері әзірлеген он бастаманың үшеуіне Мемлекет басшысының қолдау білдіруі – ел басқару ісіндегі тың серпіліс пен саяси мәдениеттің жаңа белесіне көтерілгенін аңғартады.
Соның ішінде болашақ Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөніндегі бастама – тарихи тамыры тереңге тартқан тағылымды қадам. Қазақ баласы үшін Құрылтай – ел тағдыры таразыға түскен шақта игі жақсылар бас қосып, ақыл қосқан, бірлікке бәтуа жасаған қасиетті кеңес. Хан көтерерде де, даулы мәселенің түйінін тарқатарда да жұрттың басын қосқан осы алқалы жиын халық жадында елдік пен жауапкершіліктің нышаны болып сақталған. Сондықтан мұндай атаудың жаңғыруы заң шығару ісіне ғана қатысты өзгеріс емес, мемлекетшілдік дәстүрді бүгінгі басқару жүйесімен сабақтастыратын тағылымды шешім саналады. Бұл қадам ұлттық тарихи жадыны жаңғыртып, қоғамдық сенімнің арнасын кеңейтуге жол ашады.
Келесі маңызды бастама – вице-президент лауазымын енгізу мәселесі. Бүгінгі алмағайып заманда мемлекет тізгінін ұстаған тұлғаның халықаралық келіссөзге, аймақтық қауіпсіздікке қатысты басқосуға және сан алуан дипломатиялық кездесуге үздіксіз қатысуы – уақыт талабы. Осындай кезеңде жоғары мемлекеттік қызметтің бір бөлігін үйлестіріп, ел басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз ететін жаңа институттың құрылуы – көрегендікке негізделген шешім.
Қазіргі басқару құрылымында стратегиялық бағыт-бағдар Президент Әкімшілігі арқылы айқындалып, атқарушылық міндеттер Үкімет құзырына жүктелген. Осындай жағдайда бірқатар қызметтің өзара қабаттасуы мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігіне әсер етуі ықтимал. Сондықтан басқару құрылымын ықшамдап, жауапкершілік аясын айқындау – уақыт сұранысына сай шешім. Мұндағы мақсат белгілі бір лауазымды қысқарту емес, мемлекеттік басқару жүйесін заман ағымына бейімдеп, артық буындарды ретке келтіру.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар. Азаматтық қоғамның салмақты ұсыныстары ескеріліп, мемлекеттік деңгейде қолдау табуы – елдегі саяси мәдениеттің кемелденіп, қоғамдық үннің қадірі арта түскенінің айқын айғағы. Мұндай қадамдар мемлекет пен халық арасындағы сенімді нығайтып, елдік мүддені ұлықтайтын жаңа кезеңнің бастауы болары сөзсіз.
Қайрат Кереев,
«Нұр-Шапағат-Құрылыс» компаниясының бас директоры, облыстық мәслихат
депутаты





