Әрбір мемлекеттің өркендеуі оның саяси жүйесінің заман талабына бейімделуіне, халық пен билік арасындағы өзара сенімнің беріктігіне байланысты. Елімізде жүріп жатқан саяси реформалардың мақсаты – азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдағы ашықтық пен әділеттілікті нығайту. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай институтының қалыптасуы – елдегі саяси жаңғырудың маңызды кезеңі.
Қазақ халқы үшін Құрылтай ұғымы таңсық емес. Бұл – ғасырлар қойнауынан жеткен, халқымыздың саяси мәдениеті мен мемлекеттілік дәстүрінің ажырамас бөлігі. Ежелгі түркі дәуірінен бастап, кейінгі Қазақ хандығы кезеңінде де Құрылтай ел тағдырын айқындайтын маңызды жиын болды. Мұнда мемлекетке қатысты ең өзекті мәселелер қаралып, хан сайлау, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сыртқы саясат, жер тұтастығы сияқты маңызды шешімдер ақылдаса отырып қабылданды. Бұл – қазақ қоғамында кеңесу, ортақ мәмілеге келу және халық мүддесін бәрінен жоғары қою қағидаларының ежелден қалыптасқанын көрсетеді.
Қазіргі Қазақстандағы Құрылтай сол тарихи дәстүрдің жалғасы болғанымен мазмұны мен міндеті жағынан жаңа сипатқа ие. Бұл Құрылтай – заман талабына сай жаңғырған саяси институт болмақ. Бір палаталы бұл құрылым заң шығару үдерісін ықшамдап, шешім қабылдау тетіктерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әрбір депутаттың жеке жауапкершілігін арттырып, қабылданатын заңдардың сапасына қойылатын талапты күшейтеді. Мұндай жүйе халықтың мүддесін тиімді қорғауға және қоғамдағы өзекті мәселелерге жедел үн қатуға жағдай жасайды. Құрылтайдың партиялық тізім арқылы қалыптасуы қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары мен өңірлерінің мүддесін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде заң шығару барысында азаматтардың пікірлері жан-жақты ескеріліп, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім нығая түседі.
Ең бастысы, Құрылтай атауы – халқымыздың тарихи жады мен ұлттық құндылықтарын қазіргі мемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастыратын маңызды символ. Сондықтан бұл өзгеріс заң шығару жүйесін жетілдірумен қатар ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Қалабек Тастанбаев,
Ескелді аудандық ақсақалдар
алқасының төрағасы





