Қазақтың тарихын парақтасақ, ел тағдыры таразыға түскен сындарлы шақтың барлығында халықтың басын қосқан бір ұлы ұғым алдымыздан шығады. Ол – Құрылтай.
Дала заңын берік ұстанған бабаларымыз хан сайлаудан бастап, елдік мүддені көздейтін шешімдерге дейін көпшіліктің ақылына жүгінді. Өйткені қазақ «Көптің ақылы – көл» деп ел тағдырын бір адамның емес, тұтас жұрттың парасатымен шешуді жөн санады.
Күлтегін дәуірінен бастап, Қазақ хандығы тұсында өткен ұлы жиындар ел бірлігін нығайтып, сыртқы қауіпке қарсы жұмылудың, ішкі татулықты сақтаудың тетігі болды. Ордабасыдағы басқосу, Күлтөбедегі кеңес, Ұлытаудағы ұлы жиындар соның айқын дәлелі. Бұл жерлерде тек саяси мәселелер емес, халықтың тағдыры мен ұлттың болашағына қатысты шешімдер қабылданды.
Уақыт өзгеріп, қоғам жаңарғанымен елдік мұрат өзгерген жоқ. Бүгінде Қазақстанда құрылғалы отырған жаңа Құрылтай сол тарихи дәстүрдің заңды жалғасы. Оның мақсаты – өткенді қайталау емес, бабалар аманатын қазіргі заманның талабымен ұштастыру. Егер бұрын Құрылтайда елдің тұтастығы мен жердің бүтіндігі сөз болса, бүгін онда білім мен ғылым, ұлттық тәрбие, тіл, мәдениет, заң үстемдігі, қоғамдық келісім және елдің орнықты дамуы секілді өзекті мәселелер талқыланады.
Жаһандану дәуірінде ұлтты сақтап қалудың ең сенімді жолы рухани тұтастықты нығайту. Бұл ретте Құрылтай қоғамның түрлі саласындағы өкілдерін бір мақсатқа жұмылдыратын маңызды алаңға айналмақ. Мұнда айтылған әрбір ұсыныс халықтың сұранысынан туындап, елдің болашағына қызмет етуі тиіс. Әсіресе білім саласы үшін мұндай кеңестің мәні ерекше. Себебі кез келген реформаның табысы саналы ұрпақ тәрбиелеумен тікелей байланысты. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді, еңбекқор, отаншыл азаматтарды қалыптастыру бүгінгі қоғамның басты міндеті. Құрылтайда көтерілетін бастамалар осы мақсатқа жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Тарихтан тамыр алған Құрылтай бүгінгі Қазақстанның да жаңару жолындағы маңызды қадамы. Өйткені ұлттың болашағы бірліктен, ал бірлік ақылдасудан басталады.
Эльмира ИМАНБЕРДИЕВА,
№8 орта мектебінің директоры
Текелі қаласы





