Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекетшілдік дәстүрі болады. Бір ұлттың тамыры заңдарынан танылса, енді бірінің рухы даналар қалдырған өсиеттен көрінеді. Ал қазақтың саяси мәдениеті мен елдік санасының ең биік көріністерінің бірі – Құрылтай.
Бұл билік пен бұқараның арасындағы көпір ғана емес, ұлттың өзін-өзі тыңдайтын, өз тағдырына өзі жауап беретін қасиетті кеңістік. Көшпенді жұрттың кең даласында қабылданған шешімдердің ешқайсысы жеке адамның еркіне сүйенген жоқ. Ұлыстың тағдырына қатысты мәселелер ақылдың таразысына салынып, елдің сөзін сөйлейтін тұлғалардың кеңесінде пісіп-жетілді. Себебі қазақ «ақылдасқан ел азбайды» деген қағиданы мемлекеттіліктің өзегіне айналдырды. Құрылтай сол ұлы дәстүрдің тарихи көрінісі.
Бүгінгі Ұлттық құрылтайды өткеннің көлеңкесі ретінде емес, тарихи тәжірибені бүгінгі уақыттың талабымен сабақтастырған жаңа қоғамдық институт ретінде қабылдаған жөн. Өйткені заман өзгергенімен елді алға бастайтын басты құндылықтар өзгерген жоқ. Әділет, жауапкершілік, бірлік, ұлттық мүдде, қоғамдық келісім – қай кезеңде де мемлекеттің тұғыры болып қала береді.
Қазіргі дәуір технологияның емес, ең алдымен құндылықтардың бәсекесіне айналған кезең. Ақпараттың шекарасы жойылып, жаһандану ұлттардың болмысына жаңа сынақтар әкелді. Осындай уақытта мемлекет тек экономикалық көрсеткіштермен ғана қуатты бола алмайды. Оның беріктігі азаматтарының ұлттық санасымен, тарихи жадын сақтауымен, ортақ мұратқа деген сенімімен өлшенеді. Сондықтан Құрылтайда көтерілетін тіл, мәдениет, тәрбие, заң үстемдігі, еңбекқорлық пен білім мәселелері бір-бірінен бөлек тақырып емес, ұлттың болашағын айқындайтын тұтас жүйе.
Шын мәнінде, Құрылтайдың басты құндылығы айтылған сөзде емес, сол сөздің қоғамға қозғау салуында. Өйткені ұлттың тағдыры мінберден айтылған әдемі сөздермен емес, сол сөздің нақты іске айналуымен өлшенеді. Халықтың сенімі де осы тұста сыналады. Егер көтерілген бастамалар өмірдің өзегіне айналып, азаматтың тұрмысынан көрініс тапса, онда Құрылтай өзінің тарихи миссиясын орындады деген сөз.
Ұлттың болашағы кездейсоқ қалыптаспайды. Ол күн сайын қабылданған шешімдерден, әр буынның жауапкершілігінен, қоғамның ортақ ұстанымынан құралады. Құрылтай бір күндік жиын емес, ұлттың өзін-өзі тану үдерісі, мемлекеттің өз болашағына жасаған үнқатысуы. Бүгінгі Қазақстан үшін Құрылтайдың мәні дәл осында. Яғни өткенді дәріптеу үшін емес, өткеннің тәжірибесімен болашақты бекемдеу үшін қажет. Өйткені тарихынан тағылым алған халық қана уақыттың дауылына төтеп беріп, келешегін сеніммен құрады.
Жалғасбек ИБРАЙЫМОВ,
биология пәнінің мұғалімі
Көлтабан ауылы,
Ақсу ауданы





