Еліміздегі су ресурстарының тапшылығы мен оларды тиімді басқару мәселесі жыл сайын өзекті бола түсуде. Осы бағыттағы түйткілдерді шешу үшін Тараз қаласында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында жаңа білім ордасы өз жұмысын бастады. Қазақстан мен Қытай өкілдері бірігіп, су саласы мамандарының біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын арнайы оқу орталығын іске қосты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталмыш орталық Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың «Үш шатқал» электр энергетикасы кәсіптік колледжі арасындағы өзара түсіністік меморандумы аясында ашылды. Жаңа алаңда отандық мамандар шетелдік озғал тәжірибені меңгеруге мүмкіндік алады. Оқыту үдерісі гидротехникалық нысандар салу, су ресурстарын тиімді басқару, салаға цифрландыру мен интеллектуалды жүйелерді енгізу бағыттарын қамтиды. Бағдарламаның мақсаты – жергілікті кадрлардың әлеуетін арттырып, өндіріс талаптарына сай сапалы маман даярлау.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Марат Иманалиевтің айтуынша, екі ел арасындағы серіктестік тек орталық ашумен шектелмейді. Тараптар оқытушылар мен сарапшыларды алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық технологияларды өндіріске енгізу мәселелерін пысықтауда. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «Үш шатқал» колледжі Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында бірлескен колледж құруды көздеп отыр. Жаңа оқу орталығының жұмысы еліміздің су шаруашылығы саласына оң өзгерістер әкеліп, мамандардың кәсіби деңгейін 20-30 пайызға көтеруге септігін тигізеді.
Мұндай халықаралық бастамалар өңірдегі экожүйені сақтап қана қоймай, су үнемдеу технологияларын дамытуға тың серпін береді. Әрбір азамат пен кәсіпорын үшін су ресурстарын қадірлеу басты міндет саналады. Осы орайда цифрлық және инженерлік сауаттылығы жоғары маман даярлау ісі еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтатын маңызды қадам болып есептеледі. Тұрғындар мен сала мамандары бұл орталықтың игілігін көріп, алдағы уақытта өз біліктілігін жетілдіре алады.





