Қазақ халқының тарихында Құрылтай – ел тағдыры шешілетін ең маңызды саяси институттардың бірі болған. Ал қазіргі бір палаталы Құрылтай – мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі ретінде қалыптасып отырған институт. Уақыттары мен қызметтері әртүрлі болғанымен, олардың арасындағы тарихи сабақтастық айқын байқалады.
Тарихтағы Құрылтайлар XVII–XVIII ғасырларда қазақ қоғамының саяси өмірінде ерекше рөл атқарды. Оған хандар, сұлтандар, билер, батырлар, ру ақсақалдары қатысып, елдің ең маңызды мәселелерін бірлесіп талқылаған. Құрылтайларда хан сайлау, елдің қорғанысын ұйымдастыру, әскери қолбасшыларды тағайындау, сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын белгілеу, заңдар мен дәстүрлерді жетілдіру сияқты стратегиялық шешімдер қабылданды. Бұл – халықтың бірлігі мен мемлекеттің тұтастығын сақтаудың ең тиімді тетіктерінің бірі болды.
Қазіргі бір палаталы Құрылтайдың қызметі тарихи Құрылтайдан өзгеше болғанымен, оның негізінде жатқан идея ұқсас. Басты мақсат – халықтың мүддесін қорғау, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді заң аясында шешу. Егер бұрынғы Құрылтай дәстүрлі құқыққа сүйенсе, қазіргі Құрылтай Конституция мен заң талаптарына сәйкес жұмыс істейді.
Тарихтағы Құрылтайдың басты ерекшелігі – онда шешімдер халықтың беделді тұлғаларының кеңесі арқылы қабылданған. Ал қазіргі Құрылтайда халықтың еркі сайлау арқылы қалыптасқан депутаттар арқылы жүзеге асады. Бұл – демократиялық басқару қағидаттарының көрінісі.
Бір палаталы жүйенің енгізілуі заң шығару үдерісін оңтайландырып, шешім қабылдау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге әр депутаттың жеке жауапкершілігін арттырып, қабылданатын заңдардың сапасына қойылатын талапты күшейтеді. Заң жобалары бірнеше оқылымнан өтіп, жан-жақты талқыланғаннан кейін ғана қабылданады. Сондықтан бір палаталы жүйе заң шығару сапасын төмендетеді деген пікірмен келісу қиын.
Құрылтай атауының таңдалуының өзі де терең мағынаға ие. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік дәстүрін жаңғыртып, ұлттық тарихи жадымызды қазіргі мемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастырудың көрінісі. Мұндай қадам ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның өзіндік саяси моделін қалыптастыруға ықпал етеді.
Тарихтағы Құрылтайда ел бірлігі ең басты құндылық саналса, қазіргі Құрылтайдың да негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың пікірін ескеру және мемлекеттің орнықты дамуына жағдай жасау. Сондықтан тарихи және қазіргі Құрылтайдың арасындағы басты ұқсастық – халықтың мүддесіне қызмет етуінде. Ал айырмашылығы – олардың жұмыс істеу тәсілі мен құқықтық негізінде.
Қазіргі Құрылтай – өткеннің көшірмесі емес, қазақтың бай мемлекеттік дәстүрін қазіргі заман талаптарына бейімдеп жалғастыратын жаңа саяси институт. Ол тарихи сабақтастықты сақтай отырып, заң үстемдігіне, ұлттық бірлікке және тиімді мемлекеттік басқаруға негізделген жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағалануы тиіс.
Дина Бекетайқызы,
Ескелді аудандық аналар кеңесінің төрайымы





