Елімізде ішкі туризм бағыты қарқынды дамып, соңғы 7-8 жыл көлемінде саяхаттаушылар саны 8,5 миллион адамға жетті. Мемлекеттік қазынаға түсетін салық көлемі 630 миллиард теңгені құрап, сала экономиканың маңызды тірегіне айналып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Астана қаласында өткен «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum алаңында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев маңызды көрсеткіштерді атап өтті. Ведомство өкілінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап ішкі туристер саны 4,5 миллионнан 8,5 миллионға дейін көбейген. Сонымен қатар шет елден келетін меймандардың саны шамамен 16 миллионға жетіп отыр.
Саланың қаржылық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетті. Жеті жыл ішінде туризмнен түсетін салық мөлшері 160 миллиардтан 630 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Ал бағытқа құйылған инвестиция көлемі 502 миллиардтан 1,3 триллион теңгеге дейін өсіп, 600 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.
Вице-министр туризм тек демалыс орындары емес, инфрақұрылым, көлік қолжетімділігі, сервистік сапа және кадр даярлау екенін баса айтты. Маманның пікірінше, өңірлерде жаңа жобаларды іске қосу арқылы қызмет сапасын жақсарту жұмыстары жалғасады. Саяхатқа шығуды жоспарлаған отандастарымыз үшін еліміздің көрікті жерлерін аралап, ішкі туризмді қолдау үлкен мүмкіндік береді.





