Жаңа Конституция елдің саяси жүйесіне тың серпін беріп, мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңін бастады. Негізгі заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, цифрлық құқықтарды конституциялық деңгейде бекітті. Соның ішінде билік жүйесіне жаңаша мазмұн берген маңызды өзгерістің бірі – Құрылтай институтының қалыптасуы.
Құрылтай атауы халқымыздың тарихи жадында бірлік пен бәтуаның, елдік пен кеңесудің символы ретінде сақталған. Сол дәстүр жаңа Конституция арқылы заманауи сипат алып, қоғамдық пікірді мемлекеттік шешімдермен ұштастыратын маңызды институтқа айналды. Бұл қадам халық үнінің билікке жетуіне кең мүмкіндік ашып, ел басқарудағы жауапкершілікті арттыра түсті.
Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – оның халықтың тікелей таңдауымен қабылдануы. Конституциялық комиссия құрамына заң шығарушы және атқарушы билік өкілдерімен қатар ғалымдар, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен түрлі сала мамандары енгізілді. Мұндай кең ауқымды талқылау негізгі заңның мазмұнын байытып, қоғамдық сұранысты жан-жақты ескеруге жол ашты.
Конституцияда әділеттілік, заң мен тәртіп, адам капиталын дамыту қағидаттары айқын көрініс тапты. Бұл ұстанымдар әрбір азаматтың сапалы білім алуына, қабілетін шыңдауына, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына берік негіз қалайды. Ал қабылданатын әрбір заң осы конституциялық құндылықтарға сүйеніп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс.
Құрылтай институтының енгізілуі – тарихи сабақтастық пен заманауи мемлекеттік басқарудың өзара үйлесім тапқан көрінісі. Елдік мүддені ту еткен бұл өзгеріс қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып, Әділетті Қазақстанды орнықтыру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды.
Жанат АЯНБАЕВА,
Бұлақты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Алакөл ауданы





