Жапонияда жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 13-ке жетті

Жапонияның оңтүстік-батысында болған күшті жер сілкінісінен кемінде 13 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы qandastar.kz сайтына сілтеме жасап.

Елдің метеорологиялық қызметі алдағы күндері тағы да қуатты жерасты дүмпулері қайталануы мүмкін екенін ескертті.

7,1 балдық жер сілкінісі Кюсю аралындағы Кумамото префектурасында тіркелді. Жапонияның сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша дүмпу ең жоғары – 7 балл деңгейіне жеткен. Табиғи апат салдарынан тұрғын үйлер, жолдар мен көпірлер зақымданды.

Ел премьер-министрі Такайчи Санаэнің мәліметінше, апат салдарынан 13 адам көз жұмып, 31 адам түрлі жарақат алған.

Жапонияның метеорологиялық агенттігі тұрғындарды сақ болуға шақырып, алдағы бір апта ішінде, әсіресе жақын екі-үш күнде күшті жер сілкіністері қайталануы ықтимал екенін мәлімдеді.

Жер сілкінісінен кейін көршілес Кашима-Сити қаласындағы сауда орталығында жарылыс болып, екі адам қаза тапты. Полицияның хабарлауынша, жарылыс алдында ғимараттан шамамен 200 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

Сонымен қатар Яцуширо қаласындағы қағаз өндіретін зауытта мұржа құлап, өндіріс орнына айтарлықтай зиян келген. Оқиға салдарынан екі адам көз жұмып, тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалған. Қаладағы көпірдің опырылуы көлік қозғалысын қиындатты.

Ресми мәлімет бойынша, өңірдегі ауруханаларға 130-дан астам зардап шеккен адам жеткізілген. Сондай-ақ Кумамото префектурасында шамамен 37 мың үй жарықсыз қалған.

Қатысты жаңалықтар