Елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту мен жастардың білімге құштарлығын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны 66-күнге жетіп, айтулы нәтижеге қол жеткізді. Осы уақыт ішінде жобаға қатысушылар 1,5 млннан астам кітап оқып шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Марафонның қарқыны соншалықты жоғары – қатысушылар бесінші кітапты тәмамдап, алтыншы кітапты оқуға кірісті. Неліктен мұндай жобалар қоғам үшін аса маңызды? Себебі кітап оқу әдеті қалыптасқан ортада сыни ойлау дамып, рухани құндылықтар нығаяды, сондай-ақ әрбір азаматтың жеке дамуына тың серпін береді.
Марафон барысында ең жоғары белсенділік танытқан топ – оқушылар мен ұстаздар қауымы. Статистикаға сүйенсек, оқушылар 600 мыңнан астам, ал педагогтар 400 мыңнан астам кітап оқыған. Қос қатысушы топтың көрсеткіші 1 млннан асып, жалпы оқылған кітаптардың үштен екі бөлігін құрап отыр. Ұйымдастырушылар қатысушылардың ынтасын үнемі қолдап отыру үшін арнайы ерекше белгілер жүйесін енгізді. Мәселен, бес кітапты оқып бітірген әрбір қатысушы «Талапты оқырман» қола белгісіне ие болып, жеке кабинетінен сертификат жүктеп алу мүмкіндігіне қол жеткізді. Алдағы кезеңде жетістікке қарай марапаттар деңгейі өсе түспек: 10 кітап үшін күміс белгі – «Жігерлі оқырман», ал 15 кітап үшін алтын белгі – «Зерделі оқырман» табысталады.
Қола белгінің алғашқы иегерлерінің қатарында Қарағанды және Түркістан облыстарынан «Кітап оқитын педагог» бағытында бақ сынаған ұстаздар бар. Екі мұғалім де бес кітап оқып, ең жоғары 1750 ұпай жинаған.
«Мұғалімнің өзі кітап оқыса, балалар мұны көреді. Оқушыларым қазір қандай кітап оқып жүргенімді сұрап, өз кітаптарын әкеледі. Қола белгі – күміс белгіге жетуге жақсы ынталандыру», – дейді «Бірінші Теміртау классикалық лицейінің» бастауыш сынып мұғалімі Татьяна Владимировна Мининкова.
Өз кезегінде Түркістан облысы Созақ ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің география пәні мұғалімі Сәуле Тұрарқызы Ерманова да марафонның күнделікті өмірге оң әсерін атап өтті.
«Күнделікті жұмыста кітап оқуға әрдайым уақыт таба бермейсің. Марафон оны әдетке айналдыруға көмектесті. Мен қазақ тілінде де, орыс тілінде де оқимын, ал география сабақтары кітаптардан алынған жаңа мысалдармен күшейе түсті», – деді ұстаз.
Мұндай ауқымды бастамалар Жетісу өңіріндегі мектеп оқушылары мен педагогтар үшін де жақсы үлгі болып, өңірде кітап оқуға деген ықыласты одан әрі арттыра түсетіні анық. Әрбір оқырманның өз жетістігіне қарай марапатталуы оқу үдерісін қызықты әрі бәсекелес етеді.






