Қазақтың дәстүрлі өмір салтына қатысты туындаған түсінік, жоралғы, ырым-тыйымдарды зерделеген сайын таным көкжиегіміз кеңейіп келеді. Өзімізге қарата айтып отырмыз. Бұған дейін журналистика саласында «Сөз-талқы», «Ойталқы» деген айдарлар аясында жазылған материалдар мен телеарналардағы жобаларды көзіміз шалды. Алайда осы талқы сөзінің түп-төркіні қайдан шыққаны тұрғысында аса бас қатыра қоймаппыз. Енді сол кемшіліктің орнын толтырып, «Талқы» туралы толғанайық.
«Талқы» сөзі туралы толғануымызға ел басылымы «Egemen Qazaqstan» газетіне шыққан қос бірдей мақала себеп болып отыр. Онда жарияланған мақалалар мазмұндас.
Текті жұрттың ауызекі әңгімесінде «талқыға түсті», «талқыға салынды» немесе «талқыланды» дейтін сөз тіркестері жиі кездеседі. Бұл мәтін мағыналық тұрғыдан «сөйлесілді», «келісілді» секілді ұғымдардың синонимі іспетті екенін, бұл орайда «талқы» атауы нені білдіреді, оның мағынасы қандай әрі бұл нендей зат дегенге тоқталуды Бекен Қайратұлы өзек ете отырып: «Бұл тақырыпты қаузауға түрткі болған дүние – тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев әлеуметтік желі арқылы талқы» туралы сөз қозғап, интернетті ақтарып, бұл бұйым туралы толыққанды мәлімет кездестіре алмағаны және фотобейнесі де қолжетімді емес екені жайында жазыпты. Атам қазақ «көзден кетсе, көңілден кетеді» дегеніндей, «талқы» қазір көзден де, көңілден де кеткелі қашан?!», – деп толғанады. Осылайша қазақтың талқы сөзінің уикипедиялық анық анықтамасында «Талқы – теріні керіп, созып, иін қандыра жұмсартатын ағаш аспап» деп жазылғанын алға тартады.
Негізінен бұл дереккөзде келтірілген мәлімет дұрыс. Яғни қой-ешкі сияқты ұсақ мал терісінің иін қандыру үшін немесе ірі қара малдың терісінен таспалап тілінген жалпақ қайысты жұмсартып, ер-тоқым жабдығын жасау үшін бұл бұйымды кешегі бабаларымыз, аталарымыз қолданып келген.
Журналист өзінің зерттеуі бойынша: «Академик жазушы Сәбит Мұқанов: «Жүні жидіген теріні жайып кептіреді де, оның құрыс-тырысын жазу үшін «талқы» деп аталатын тістері кедір-бұдыр сайманмен созғылайды. Міне, осылай иленген, талқыланған терінің аты – қайыс» деп жазса, 2013 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген Биқұмар Кәмалашұлының «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді еңбегінің 360-ыншы бетінде: «Қазақ халқының тері илеу дәстүрінде терінің иін қандырып, жұмсартып икемге келтіру үшін оны талқыға салады. Талқы қазақтың тері иін қандырып, жұмсартатын құралдарының бірі», – деген ақпарын айшықтай отырып, «Талқыға түсті», «Талқыға салынды», «Талқыланды» деп келетін сөздердің мағынасы бір даулы мәселені әбден кеңесіп, толық шешімін шығару деп келтіреді.
Осындай нақты мысалмен айшықталған жазба кімді де болса қызықтыратыны сөзсіз. Байырғы мәдениетімізде қолданылған, тұрмыс-салтымызда кәдеге асқан талқы құралын жасау үшін аша ағаш таңдап алынады да, оның тұйық басына және ортасына басқанда төмен түсетін сүймен-тұтқа орнатылады. Ал баспа ағаштың басы ашаға көлденең мұрындықталады. Бұл мұрындық ағашты тиек немесе бастырық деп атайды. Аша ағаштың беткі жақ тілінде керілген тістері (қышыры) болады.
Ел басылымында жарияланған екінші мақала да осы тақылеттес. Қос журналист жазбасынан талқы құралының маңызы мен мәні, сол арқылы пайда болған «талқыға түсті», «талқыланды» деген секілді сөз тіркестерінің өзектілігін түсінеміз. Қуанамыз. Іштей қазақтың шұрайлы тілінің, сөздің қоржынының бір жақұтын алқа қылып мойынға таққандай әсерге бөленеміз. Алайда «талқы» сөзі мұнымен шектелмейді.
Қазақтың салт-дәстүрі туралы жазылған еңбектерді оқи отырып «Талқы» сөзінің өзгеше мағынасы барын аңдадық. Тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатыран «Қазақтың дәстүрлі ас-тағам мәдениеті» атты еңбегінде кісі өлімі, жаназа жоралғылары жөнінде де ауқымды ой қозғайды. Сол еңбекте «Талқы» сөзі бұрындары оқылған дұға деп толғанады.
Біз атап өткен ғылым кандидаты: «Соңғы қырық-елу жыл көлемінде өлікті жөнелту салтында қолданыстан шығып қалған діни жоралғыларының бірі – талқы оқу деген. Мәйіт жерленіп, дұға оқу, Құран бағыштау сияқты жосындар атқарылған соң жерлеуге келген сүйекшілер қайта бастаған кезде молда мен ет жақын туыстарынан бір-екі адам бейіт басында қалып, сүйекшілердің ұзап кетуін күтеді. Дәстүрлі түсінік бойынша осы кезде марқұмның жаны Мәнкүр-Нәңкірдің сұрақтарына жауап беру үшін денесіне қайта оралады. Қойған сұрақтарға марқұм дұрыс жауап бере алса қиналмайды, егер жауап бере алмаса аталған екі періште күрзі деп аталатын таяқпен ұрады деседі. Марқұм қатты қиналып, кеудесін қара жер баса түсетін көрінеді. Осы сәтте сұрақтарға жауап беруіне көмектесу үшін молда «талқы» деп аталатын дұғаны дауыстап оқиды», – деп жазады.
Әлемге киіз үй, жабайы жылқыны қолға үйрету арқылы-ақ өркениет таратқан қазақтың әрбір сөзінің мағынасы терең. Ал бұл орайда біз оқырманға «Талқы» сөзінің қос мағынасының бірі құрал, екіншісі дұға түрінде келетінін нұсқаған секілдіміз. Алайда тағы бір мысалды дін ғалымдары тарапынан айшықтап өткіміз келеді.
Дін ғалымдары талқы оқу, яғни «талқин оқу» ғұрпы өлген адамға емес, жаны кеудесінен шығайын деп жатқан кісіге айтылатын дұға дейді. Мәселен, «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының ислам шариғатымен үйлесімі» кітап бойынша дайындалған, «Үммет.кз» сайтындағы материалда былайша баяндалады: «Талқин сөзі араб тілінде «кез келген бір ойды басқа біреуге үйрету, жаттату» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатта мәйіт қабірге қойылып Құран оқып болған жұрт тарқаған соң бірнеше кісі қабірдің басында иман негіздерін дауыстап біраз уақыт бойы айтып тұруын талқин деп атайды. Бұл іс қабірге қойылған адам қос періштенің сұрақтарына қиналмай жауап берсе екен деген ниеттен туындаған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Өлілеріңізге Лә иләһә илалаһ сөзін айтқызыңыздар» деген. Осы хадиске негізделе отырып мұсылмандар арасында өлі кісіге талқин оқу рәсімі қалыптасқан. Дегенмен ғұламалар талқин оқуға қатысты әртүрлі пікірлерде болғандықтары жасырын емес. Мәселен, имам Нәуәуи жоғарыдағы хадисте «өлілеріңе» деп келген «мәутәкум» сөзін, «хал үстінде жатқан кісіге» деп түсіндірген. Яғни, дүниемен қош айтысып, кеудесінен шыбын жаны ұшып кеткен адамға емес, жаны шығайын деп, атау керін ішіп, ағайынымен арыздасып, қоштасып жатқан адамға талқин оқылады» дейді.
Осындай ойлы жазбаларды парақтай-тарақтай отырып талқы атты дұғаның барын, ол мәйітке не ақтық сапарға аттанар адамға оқылатынын пайымдаймыз. Сонымен қатар қазақтың әр нәрсені талқылап, кеңесуінің астарында талқыдай аспаптан өтіп, қайысының құрыс-тырысы жазылып, шындығы мен жалғаны айшықталып, түпкі мәнінін тапқан дүниеге қарата айтылатынын да аңдасақ керек. Ендеше, біз де қазақтың маржан сөздерінің әрбірін талқылап, мазмұнын біліп жүруге ниет танытуымыз керек-ақ.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





