Кейбір сұрақтардың жауабы болмайды. Болған күннің өзінде, оны адам ақылымен емес, жүрегімен ғана түсінеді. Жуырда тағы бір жақсы адамды соңғы сапарға шығарып салдық. Өмірдің заңы өзгермейді: дүниеге келген жанның бәрі бір күні мәңгілік мекеніне аттанады. Мұны бәріміз білеміз. Бірақ өлімнің ақиқат екенін білу мен оны жүрекпен қабылдау екі бөлек дүние ғой. Қаралы жиында анасынан айырылған бозбаланың: «Мен енді Құдайдың барына қайтіп сенемін?..» деген жанайқайы жан дүниемді төңкеріп жіберді. Бұл сөзде қарсылықтан бұрын қасірет бар еді. Сенімнен бас тарту емес, жанның ауыр жарасы сөйлеп тұрғандай болды. Адам жақынын жоғалтқанда ең алдымен тағдырмен, содан кейін өзімен, ең соңында Құдаймен үнсіз тілдесетін шығар…
Біз көбіне Құдайды қуанышта емес, қайғы үстінде іздейміз. Барлығы жақсы кезде сұрақ азаяды. Ал тағдыр сынақ жібергенде, «Неге?» деген жалғыз сауалдың өзі тұтас ғұмырдың жүгін арқалап тұрады. Ақиқатында, адамның сенімі күмән жоқ жерде емес, дәл күмәнның ортасында сыналады. Өйткені сенім деген бәрін түсіну емес, түсінбеген күйіңде де үмітіңді жоғалтпау.
Өмірдің алдында бәріміз теңбіз. Байлық та, мансап та, атақ та уақыттың алдында дәрменсіз. Бір күні бәрі кейін қалады. Адамның соңынан еретін жалғыз нәрсе – оның осы өмірде қалдырған ізі. Із дегеніміз – салған сарай емес. Жинаған дүние емес. Біреудің жүрегіне сепкен мейірім. Біреудің жанын жұбатқан сөзі. Біреудің өміріне жарық сыйлаған жақсылығы. Сондықтан мен сөзден қорқамын. Өйткені сөз – адамнан кейін де өмір сүретін құдірет. Ол жүректі емдейді де, жаралайды да. Бірауыз сөз адамның өмір бойы ұмытылмас жарасына айналуы мүмкін. Бірауыз сөз қайта өмір сүруге күш береді. Бәлкім, біз бұл өмірге барлық сұрақтың жауабын табу үшін емес, адам болып қалу үшін келген шығармыз?! Қайғыны да, қуанышты да жүректен өткізіп, өзгеге ауыртпалық емес, жылу сыйлау үшін.
Ал әлгі бозбаланың сұрағы… Оған ешкім дайын жауап бере алмайды. Өйткені кейбір сұрақтарға уақыт, кейбіріне үнсіздік жауап береді. Ал кейбірінің жауабын адам өмірінің соңына дейін іздеп өтеді. Бірақ бір нәрсе анық: қайғы сенімді жоққа шығармайды. Кейде, керісінше, адамды шынайы сенімге алып баратын ең ауыр жолдың өзі – қайғы болуы мүмкін.
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ





