«Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында балалардың құқықтарын қорғау, балабақша, мектепте ыстық тамақ, әлеуметтік көмек пен тұрғын үй мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауқымды жиынның басты мақсаты – тұрғындарды толғандырған бала тәрбиесі мен олардың әл-ауқатына қатысты сауалдарын ашық тыңдап, құқықтық әрі әлеуметтік қолдау көрсету. Сондай-ақ азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері мен көмек алу тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндіру назарға алынды.
Тұрғындардан 30-дан астам өтініш келіп түсті
Қабылдауға «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай, партия жанындағы Әйелдер қанатының төрағасы Гүлниса Тұлымшақова және білім беру, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, балалардың құқықтарын қорғау, тұрғын үй мәселелеріне жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Ашық диалог барысында ата-аналардан 30-дан астам өтініш тіркелді. Тұрғындар негізінен мынадай бағыттар бойынша көмек сұрады:
-
Баспана кезегі және тұрғын үй мәселесі;
-
Бүлдіршіндерді балабақшаға орналастыру;
-
Мектепке қабылдау, сапалы білім алу мүмкіндіктері;
-
Әлеуметтік көмек, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
-
Медициналық қызмет алу және құқықтық кеңестер.
Арнайы шақырылған мамандар әрбір өтінішті жеке қарап, түйткілдерді шешудің оңтайлы жолдарын нұсқады.
Түйіткілдер орында заңды түрде шешілді
Ашық есік күнінің нәтижесінде бірқатар күрделі түйткілдер дереу шешімін тапты. Мамандардың жедел араласуы азаматтардың сенімін нығайта түсті.
Мәселен, бес баланың анасы Райгүл Ибраева мектептегі ыстық тамақ мәселесі бойынша жүгінген. Балалары басқа мектепке ауысқан кезде тегін тамақтанатын оқушылар тізімінен тыс қалыпты. Өтініш негізінде мектеп басшылығымен шұғыл байланыс орнатылып, оқушы қайтадан тізімге қосылды. Қызы Рамина келер аптаның басынан бастап ыстық тамақпен қамтылатын болды.
Ал аз қамтылған отбасы өкілі Жанар Қызаева 9-сыныпта оқитын баласы Арнұр Қожагелдіні №8 орта мектептен үйіне жақын №7 орта мектепке ауыстыра алмай жүргенін айтты. Оқу орнында сыныптардың толықтығы кері әсер еткен. Шара барысында мектеп директорымен тікелей хабарласып, баланы үйге жақын мектепке орналастыру мәселесі оң шешілді. Ата-анаға қажетті құжаттарды өткізу ұсынылды.
Оң өзгерістер мен жаңа бастамалар
Партия өкілдері мұндай жиындардың балалардың қауіпсіз ортада өсуіне, әлеуметтік және психологиялық қолдау алуына берік негіз қалайтынын атап өтті. Республика бойынша алғаш рет бірыңғай форматта ұйымдастырылған Ашық есік күні халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Мемлекеттік органдардың жедел әрекет етуі азаматтардың мәселелерін бюрократиясыз шешуге мүмкіндік береді.





