Алакөл жағалауында демалушылар отырған қайық аударылуға шақ қалып, қайғылы жағдайдың алды алынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан Ақши ауылының маңында болған оқиғаның мән-жайын аңғаруға болады. Куәгерлердің сөзінше, қайыққа шамадан тыс көп адам отырғызылған.
Кадрлардан су көлігінің ішіне су кіріп, толқынмен бірге бірде оңға, бірде солға қисайғаны көрінеді. Ең өкініштісі, бортындағы ересектер мен кішкентай балалардың ешқайсысы құтқару кеудешесін кимеген. Жағалаудағы жұртшылық дабыл қағып, видеоға түсіріп үлгерді. Желі қолданушылары да бұл жайтқа қатысты өз реніштерін білдіріп, қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғанын жазуда.
Оқиға дереу Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің назарына ілікті.
«Шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерінің бұзылғаны тіркелді. Қазір департамент ма мамандары шағын көлемді кеменің иесін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Бақытқа орай, оқиға жағаға өте жақын жерде орын алған. Сондықтан қайғылы жағдай орын алған жоқ.
Алакөлдегі бұл оқиға көлдегі демалыс пен су транспорттарын пайдалану кезіндегі жауапкершілікті тағы бір мәрте еске салады. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін сарапшылар мынадай қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді:
-
Құтқару кеудешесін міндетті түрде киіңіз: Жүзгіштік деңгейіңізге қарамастан, су көлігіне отырған сәттен бастап бұл құрал үстіңізде болуы тиіс.
-
Адам санының лимитін сақтаңыз: Шағын қайықтарға 5-6 адамнан артық отыруға болмайды. Шамадан тыс салмақ қайықтың аударылуына әкеледі.
-
Ауа райын бақылаңыз: Жел соғып, толқын көтерілгенде немесе кешкі уақытта суға шығу өте қауіпті.
-
Заңды қызметті таңдаңыз: Қызмет көрсетушінің арнайы лицензиясы мен техникалық тексерістен өткенін сұрап біліңіз.





