Ел экономикасының әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстанда көлік-логистика саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында 800-850 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанын мәлімдеді. Жаңа бағыт ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын алтын көпір ретінде қызмет атқарады. Аталмыш жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады.
Сонымен қатар жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам мамандар мен жұмысшылар тартылды. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 млн тоннаға жетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, басты мақсат – мемлекетті Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Жаңа жолдар Арал маңындағы аумақтарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады.





