«Мектепке жол» дәстүрлі республикалық акциясы биыл 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Негізгі мақсат – мектеп жасындағы балаларды толықтай керек-жарақпен қамту және әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінде Жетісу облысы бойынша көмекке мұқтаж 16 750 баланың тізімі жасалды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы бұл акция аясында 16 656 балаға жалпы сомасы 214 013 558 теңгеге материалдық көмек көрсетілген болатын.
Аталған науқан аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, елді мекендерде арнайы билбордтар, баннерлер мен жарнамалық плакаттар ілініп, барлық білім беру мекемелерінің әлеуметтік желілерінде түсіндіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар аудандық және қалалық әкімдіктердің ұйытқы болуымен орталық сауда орындарында мектеп тауарлары мен киім-кешектерді төмендетілген бағамен ұсынатын қайырымдылық жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Одан бөлек, мектепке белгісіз себептермен бармай жүрген, қараусыз қалған балаларды анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» рейдтері мен қолайсыз отбасыларды аралау шаралары жүзеге асырылуда.
«Мектепке жол» – бұл тек мемлекеттік деңгейдегі науқан емес, бүкіл қоғамға ортақ игі де сауапты іс. Ұйымдастырушылар барша меценаттарды, кәсіпкерлерді және жанашыр азаматтарды болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасауға және қайырымдылық акциясына белсене қатысуға шақырады.
«Жетісу-Ақпарат»





