Елдің отын-энергетика кешенін цифрландыру мен озық технологияларды енгізу бағытындағы ауқымды жұмыстар жаңа сатыға көтеріліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында маңызды салалық тренинг-семинар ұйымдастырылды. Онда жасанды интеллект мүмкіндіктері мен халықаралық тәжірибелер жан-жақты талқыланды. Шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен отын-энергетика кешенінің 300-350 ұйымының өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен алмасты. Семинардың құрметті қонағы ретінде әлемге танымал сарапшы, 01.AI компаниясының басшысы әрі Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Кай-Фу Ли арнайы келіп, заманауи технологиялардың маңызын түсіндірді.
Жиын барысында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс жасанды интеллект технологияларын енгізу өндірістік процестердің тиімділігі мен энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін арттырудағы негізгі тетіктердің қатарына кіретінін атап өтті. Цифрлық шешімдер кәсіпорындардың қызметін болжау және басқару үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Шара аясында Энергетика министрлігі, 01.AI компаниясы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат цифрлық трансформацияны дамытып қана қоймай, салаға қажетті кадрларды даярлауға жол ашады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа технологиялардың дамуына серпін береді.





