Талдықорғанда әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін қуанышты күн болды. Тұрғын үй кезегінде тұрған 41 отбасы жаңа баспананың кілтін алып, көптен күткен қоныстойын тойлады. Салтанатты рәсімге Талдықорған қаласының әкімі Ернат БӘЗІЛ қатысып, тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, пәтер кілттерін табыстады.
Қала басшысы өз сөзінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Облыс әкімінің қолдауымен Талдықорғанда тұрғын үй құрылысының қарқыны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 630-дан астам тұрғын баспаналы болса, биыл жыл соңына дейін шамамен 1400 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бүгінгі қуаныш иелерін жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын! Әр шаңыраққа бақ-береке, амандық пен шаттық тілеймін, – деді Ернат Бәзіл.
Жыл басынан бері Талдықорғанда әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға 485 тұрғын үй берілген. Баспаналар «Береке» коттедж қалашығынан, «Жастар-3» тұрғын үй алабынан, «Шығыс» және «Құлагер» шағынаудандарынан, сондай-ақ Қабанбай батыр көшесі, Қ. Жалайыр даңғылы бойындағы жаңа үйлерден ұсынылуда.
Жаңа қонысқа қол жеткізген Ләззат Жансейітова бұл күннің өз отбасы үшін ерекше маңызға ие екенін жасырмады.
– Ерекше қажеттілігі бар балам болған соң тұрғын үй кезегіне тұрған едім. Шынымды айтсам, бұл бағдарламаның нәтижесіне алғашында аса сене қоймадым. Пәтер кілтін қолыма алған сәтте ғана бәрі шындық екеніне көзім жетті. 4 балам бар. Осы уақытқа дейін талай жалдамалы пәтер ауыстырдық. Бүгінгі қуанышымызды сөзбен жеткізу қиын. Отбасымызбен өте бақыттымыз, – деді ол.
Қаладағы тұрғын үй құрылысы мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда «Жастар-3» тұрғын үй алабында 790 жайлы тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Оның 393-інің құрылысы толық аяқталып, 215 үй тұрғындардың игілігіне берілген. Сонымен қатар жаңа шағынауданда инженерлік инфрақұрылым тарту, жол салу және аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта тұрғындарға қолайлы әрі заманауи өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Дегенмен облыстағы тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары. «Отбасы банк» АҚ Жетісу облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Бөлегеновтің айтуынша, бүгінде облыс бойынша тұрғын үй кезегінде 40 мыңға жуық азамат тұр. Оның 20 мыңнан астамы – Талдықорған қаласының тұрғыны.
– Кезекте тұрғандардың саны жыл сайын артып келеді. Кәмелет жасына толғаннан кейін тұрғын үй кезегіне тіркеліп жатқан жас көп. Сондықтан халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыс жүйелі жалғасуы тиіс, – дейді маман.
Баспаналы болу кез келген отбасының ең үлкен мұраты. Сондықтан жаңа пәтер кілтін иеленген 41 отбасының қуанышы тұтас қоғамның ортақ жетістігіне айналып отыр.
Медет ЖҰМАБАЙ





