Климаттың өзгеруі, мұздықтардың азаюы, жауын-шашынның құбылуы. Мұның бәрі Жетісу үшін бір маңызды мәселеге тіреледі: су. Биыл өңірдегі суару науқаны қалай өтіп жатыр және су тапшылығының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Бұл сауалдың жауабын Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте «Қазсушар» РМК Жетісу облысы филиалының директоры Медет Керімжанов нақтылап берді.
Жетісу облысында вегетациялық кезең қалыпты өтіп жатыр. Дегенмен мамандар климаттың өзгеруі өңірдегі су ресурстарына қысымды күшейтіп отырғанын айтады. Сондықтан бүгінде басты міндет тек егістікке су жеткізу емес, оны тиімді әрі әділ бөлуге де бағытталған.
Өңірдегі суармалы жерлердің басым бөлігі тау өзендеріне тәуелді. Яғни өзендердегі су мөлшері жауын-шашын мен мұздықтардың еруіне тікелей байланысты. Осыған байланысты вегетациялық кезең басталғанға дейін каналдарды тазалау, су шығынын азайту және су бөлу кестесін алдын ала әзірлеу жұмыстары жүргізілген. Су көлемі азайған жағдайда каналдар арасында кезектесіп су беру жүйесі қолданылады.
Осылай деп мәлімдеген филиал директоры мемлекет пен жеке шаруа қожалықтарының арасында жасалған «алтын көпір» жайлы да тілге тиек етті.
– Биылғы ерекшеліктің бірі, суармалы су қызметіне қатысты келісімшарттардың толықтай электронды форматқа көшуі болды. Жаңа биллинг жүйесі су көлемін есепке алуды ашық жүргізіп, пайдаланушылар мен жауапты мекемелер арасындағы байланысты жеңілдетуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мыңдаған шаруамен электронды келісім жасалған, – дейді Медет Керімжанов.
Жердің берекесі суға байланысты десек, Жетісу үшін бұл сөздің мәні ерекше. Әсіресе вегетациялық кезеңде әр текше метр судың құны артады. Сондықтан су ресурстарын тиімді басқару бүгінде стратегиялық міндеттердің біріне айналып отыр. Ал өлкеміздегі түрлі себеппен пайда болатын су жетіспеушілігі қазіргі таңда Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылынан басқа өңірде байқалмайтынын және сол бағытта қажетті шаралар қолданылып жатқанын Медет Серікұлы ерекше атап өтті. Бұл өзекті мәселенің бір ұшы ғана. Тағы бір жалғасы, әр өңірдегі су қауіпсіздігі болмақ. Ол жөнінде филиал директоры алдын алу және қамтамасыз ету жұмыстары тоқтаусыз жалғасып, бақылаудың күшейтілгенін хабарлады.
– Өңірдің су қауіпсіздігін ұзақ мерзімде қамтамасыз ету үшін жаңа инфрақұрылымға да басымдық берілуде. Жетісуда жалпы сыйымдылығы 151 миллион текше метрден асатын сегіз су қоймасын салу жоспарланған. Бірқатар жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, келесі кезеңге жолдама алған. Бұл жобалар болашақта егістікті тұрақты сумен қамтамасыз етуге және климаттық тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Қазіргі таңда облыстағы барлық өндірістік учаскелер шаруалардың өтінімдеріне сәйкес су беруді жалғастырып отыр. Мамандардың айтуынша, вегетациялық кезең әзірге қалыпты режимде өтуде. Қалай болғанда да, әр тамшы судың маңызы артып отырған кезеңде су ресурстарын ұтымды пайдалану мен тиімді басқару Жетісу шаруалары мен диқандары үшін басты міндеттің бірі болып қала бермек.
Айша ҚАДЫР





