Жетісу облысында патрульдік полиция қызметкерлері автожолда көлігі істен шыққан отбасыға жедел көмек көрсетті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кейде тәртіп сақшыларының шынайы еңбегі ресми есептерден емес, халықтың ақжарма алғысы мен өмірдегі қарапайым оқиғалардан айқын көрінеді. Кешкі уақытта облыс аумағындағы қозғалысы өте қарқынды тасжолдардың бірінде ішінде отбасы мүшелері бар жеңіл көлік кенеттен ақау шығып, жол шетінде тоқтап қалған. Қараңғы түскен уақыттағы мұндай күтпеген жағдай көліктегі жолаушыларға да, өзге жүргізушілерге де үлкен қауіп төндірді.
Осы сәтте маңайда патрульдік полиция экипажы кезекшілік атқарып жүрген еді. Тығырыққа тірелген азаматтарды байқаған тәртіп сақшылары созбалаңға салмай, дереу оқиға орнына жетті. Ең алдымен жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, арнайы белгілер қойды. Бұдан соң ақауды жоюға белсене кірісіп, отбасының аман-есен сапарын жалғастыруына жағдай жасады.
Полиция қызметкерлерінің жанашырлығы мен жедел әрекетіне риза болған отағасы әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырды. Ол өз сөзінде: «Мамандықтың шынайы құндылығы заңды орындаумен ғана емес, адамгершілікпен өлшенеді», – деп ағынан жарылып, тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді.
Бұл оқиға полиция қызметінің тек қоғамдық тәртіпті қадағалаумен шектелмейтінін айғақтайды. Тәртіп сақшылары әрқашан қиындыққа тап болған тұрғындарға қол ұшын созуға дайын. Әрбір патрульдік көліктің артында өз міндетін азаматтық борышы деп санайтын жанашыр мамандар тұр. Осындай адал істер халықтың полицияға деген сенімін нығайта түседі.





