2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды. Биыл еліміз бойынша 75 мыңнан астам талапкер жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне қол жеткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде еңбек нарығының ұзақ мерзімді сұранысы басты назарға алынған. Осыған байланысты гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінді. Бұл шешім елдің өндірістік және технологиялық әлеуетін арттыруға қажетті мамандарды даярлауға бағытталған.
Өңірлік кадр тапшылығын азайтуға арналған «Серпін» бағдарламасы да жалғасуда. Бағдарлама аясында екі мыңнан астам грант иегері Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындарында білім алады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл гранттар конкурсына шамамен 127 мың өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Ведомство мұны жоғары білім алуға деген қызығушылықтың артуымен байланыстырады.
Гранттарды үлестіру барысында әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар толық сақталды. Сонымен қатар халықаралық олимпиадалар мен беделді спорттық жарыстарда жеңіске жеткен талапкерлерге гранттар конкурссыз берілді. Ал мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар үшін 1 816 мемлекеттік грант қарастырылған.
Мемлекеттік қолдау тек отандық жоғары оқу орындарымен шектелмейді. Биыл Қазақстанда қызмет ететін шетелдік университеттер мен олардың филиалдарында білім алуға да гранттар бөлінді.
Грант иегерлерінің толық тізімі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми ақпараттық ресурстарында жарияланды. Сондай-ақ мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәліктері үш жұмыс күні ішінде Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz порталында қолжетімді болады.
Айта кетейік, жоғары оқу орындарына құжат қабылдау науқаны 25 тамызды қоса алғанға дейін жалғасады.





