Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың мұрасы ұлттық дамудың темірқазығы екенін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президент өз сөзінде Абайдың шығармашылық әрі зияткерлік қазынасы әлемдік мәдениетте айрықша орын алатынына тоқталды. Оның ілімі елдегі ауқымды өзгерістер кезеңінде қоғамды біріктіретін басты рухани шамшырақ ретінде көрінеді. Хакім өз заманында халықты бейқамдықтан, жалқаулықтан арылуға үндеп, ілім-білімге шақырғаны белгілі. Бүгінде бұл өсиеттер заманауи реформалармен берік астасып жатыр.
Абайдың «Толық адам» ілімі – әрбір азаматты рухани биіктікке, жауапкершілікке бағыттайтын терең тұжырым. Мемлекет басшысы елдегі жаңғыру үдерістерінің басты мақсаты – қоғамда жасампаздық құндылықтарды қалыптастырып, ұлттың дамуына жаңа серпін беру екенін ашып айтты.
Бүгінгі таңда елімізде жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалар ақынның тағылымымен тікелей сабақтас:
-
«Адал Азамат» тұжырымдамасы ақынның әділеттілік пен адал еңбек туралы қағидаларына сүйенеді.
-
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоршаған ортаға ұқыпты қарау, туған жерді қадірлеу мәдениетін қалыптастырады.
-
«Заң мен Тәртіп» принципі бейберекетсіздікке жол бермей, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Бұл үш тұғыр хакім армандаған берекелі, әділетті қоғамның берік негізін құрайды.
Ұлы ақынның білімпаздық, еңбекқорлық, бауырластық пен келісім туралы сөздері өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге зор ықпал етеді. Ел ішіндегі өзгерістер тек саяси-экономикалық шешімдермен шектелмейді. Ең бастысы – азаматтардың сана-сезімі мен ішкі мәдениетінің жаңғыруы.
Абай қара сөздерінің мән-мағынасын күнделікті өмірде, қызметте, білім алуда басты бағдар етіп ұстану әрқайсысымыздың қолымызда. Хакім мұрасын терең зерделеу арқылы ғана бәсекеге қабілетті, парасатты ұлт қалыптастыра аламыз. Мемлекет басшысы барша отандастарымызға амандық, құт-береке тілеп, ізгі тілегін білдірді.





