Елімізде автокөлік тізгіндейтін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйелі өзгерістер қабылданып, жүргізуші куәлігінің жарамдылығын бақылау шаралары күшейтіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру бағытында қолға алынған шаралардың бірі – міндетті медициналық тексеруден уақтылы өту тәртібі. Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен ақпарат көздерінде ерекше санаттағы жүргізушілерге, атап айтқанда мүгедектігі бар жандар мен 65 жастан асқан азаматтарға қатысты қойылған талаптар қызу талқылануда. Заңнамаға сәйкес, бұл санаттағы адамдар екі жылда бір рет арнайы медициналық комиссиядан өтуге міндетті. Мұндай тексеру барысында азаматтар жалпы тәжірибелік дәрігер, психиатр, офтальмолог және отоларинголог мамандарының қарауынан өтеді. Басты мақсат – көлік жүргізушісінің денсаулық жағдайының жол қауіпсіздігіне әсерін тексеріп, ықтимал қауіптердің алдын алу.
Дегенмен тұрғындар тарапынан бұл рәсімнің ақылы түрде жүргізілуі және оның шығындары сұрақ туындатып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, № 073/у нысаны бойынша берілетін медициналық анықтама тегін көрсетілетін қызметтер тізбесіне кірмейді. Тиісінше, бұл қызмет ақылы негізде ұсынылады және оның бағасы өңірге немесе нақты медициналық мекемеге байланысты әрқалай қалыптасады. Қазіргі таңда жеңілдіктер жүйесі мемлекеттік деңгейде ресми түрде бекітілмегенімен, жекелеген емханалар өз ережелеріне сәйкес көмек көрсету мүмкіндігін қарастыра алады.
Мамандар бұл бағыттағы бюрократиялық кедергілерді азайту мақсатында процедураны жеңілдету және цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ақпараттық жүйелердің деректерін пайдалану арқылы анықтама алу процесін оңтайландыру көзделіп отыр. Айта кетейік, 25 тамыздан бастап медициналық тексеруден уақтылы өтпеу жүргізуші куәлігінің қолданысын тоқтатуға тікелей негіз болады. Сондықтан азаматтар уақыт жоғалтпай, белгіленген мерзімде тексерістен өтуі тиіс.





