Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» заң талаптарын орындау және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жаңа цифрлық бақылау механизмі іске қосылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Енді 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар жүргізушілер үшін екі жылда бір рет өтетін медициналық тексеру уақыты өтіп кетсе, көлік тізгіндеу құқығы автоматты түрде уақытша тоқтатылады.
Басты өзгеріс неде?
Шын мәнінде, 65 жастан асқан жүргізушілердің екі жыл сайын дәрігерлік тексеруден өту міндеті 2014 жылдан бері бар. Алайда бұрын инспекторлар қағаз анықтаманы қолма-қол тексере алмайтын. 25 тамыздан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді.
Енді жүйе 073/у нысанындағы медициналық анықтаманың мерзімін автоматты түрде бақылайды. Егер мерзімі аяқталып, жаңа мәлімет түспесе, азаматтың көлік басқару құқығы автоматты түрде уақытша шектеледі. Дәрігерден өтіп, дерекқор жаңарған бойда бұл шектеу өздігінен алынады. Жүргізушілерге ХҚКО-ға немесе ІІМ-ге барып, арнайы өтініш жазудың қажеті жоқ.
Қандай дәрігерлерді қаралу қажет және ол қанша тұрады?
Медициналық тексеру үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына мына мамандар кіреді:
-
Учаскелік немесе жалпы практика дәрігері;
-
Психиатр;
-
Офтальмолог (көз дәрігері);
-
Отоларинголог (мурын, құлақ, тамақ дәрігері).
Сонымен қатар, психобелсенді заттарды тұтыну фактісін анықтау үшін биологиялық талдаулар тапсырылады. Айта кетейік, 073/у анықтамасын алу Тегін медицинлық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кірмейді. Бұл – ақылы мемлекеттік қызмет. Бағасын емханалар мен медициналық орталықтар өздері белгілейді, сондықтан аймаққа байланысты құны әртүрлі болуы мүмкін.
Құқықты тоқтату мен куәліктен айырудың айырмашылығы
Заңгерлер бұл екі ұғымды шатастырмауға кеңес береді.
-
Жүргізуші куәлігінен айыру – мас күйде көлік айдау сияқты ауыр құқық бұзушылық үшін тек сот шешімімен қолданылатын жаза.
-
Көлік басқару құқығын тоқтату – азаматтың денсаулығы көлік айдауға жарамды екені расталғанша қолданылатын уақытша қауіпсіздік шарасы.
Талапты орындамағандарға қандай айыппұл салынады?
Егер медициналық тексеруден өтпей көлік тізгіндесеңіз, полиция бұны жүргізуші куәлігісіз көлік айдаумен тең деп бағалайды (ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі):
-
Алғашқы рет – 20 АЕК көлемінде айыппұл салынып, автомобиль айып тұрағына қойылады.
-
Бір жыл ішінде қайталанса – айыппұл көлемі 30 АЕК-ке дейін өседі.
Апат бола қалған жағдайда, сақтандыру компаниясы зардап шеккен тарапқа шығынды өтейді, бірақ кейін бұл соманы сот арқылы заңсыз көлік айдаған жүргізушінің өзінен өндіріп алады.
Ақпараттық жүйеде қате кетсе не істеу керек?
Егер сіз медициналық тексеруден уақытында өтіп, бірақ жүйеде көрінбей қалсаңыз, қолыңыздағы қағаз анықтаманы полицияға көрсетіңіз. Хаттама толтырылған жағдайда «Келіспеймін, анықтаманың түпнұсқасы бар» деп жазып, 10 күн ішінде сотқа шағымданыңыз. Сот клиникадан ресми сұрау салып, айыппұлды жояды.
Жолда жүру қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Медициналық тексеруден уақытылы өту арқылы өзіңіздің де, өзгелердің де өмірін сақтайсыз.





