Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес салынған облыстағы заманауи, екі қабатты кітапхана қолданысқа берілді. Киелі Күреңбел топырағының орталығы – Сарыөзек ауылында орналасқан кітапхананың ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы қатысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кербұлақтықтар мен рухани орданың ашылу салтанатына арнайы келген Жетісу жеріндегі зиялы қауым өкілдерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс басшысы бұл сәтті өңір рухани өміріндегі айтулы жаңалық екенін айшықтады. Ол өз сөзінде:
– Бұл – кітап оқу мәдениетін дамыту және заманауи кітапхана кеңістіктерін қалыптастыру туралы Президент тапсырмасын өңірде іске асырудың алғашқы бастамасы. Жаңа кітапханада кітап оқуға ғана емес, цифрлық ресурстарды пайдалануға, жан-жақты ізденуге, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Кітапханаға салынған инвестиция – ең алдымен адам капиталына, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне жасалған инвестиция. Бұл ретте осы киелі ордадан білімді, саналы, тәрбиелі, кітапсүйер ұрпақтың қалыптасып шығатынына сенімдіміз. Жаңа нысан осындай игі мақсаттарға қызмет етіп, өңірдің рухани шамшырағына айналсын! – деді.
Облыс басшысының ақжарма тілегінен кейін көпшілік рухани ордаға кіріп, мұндағы мәжіліс залын, оқу залын және балалар бөлімін арнайы тамашалады.
Жаңа кітапхана ғимаратының аумағы 1620 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапханада оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балалар мен ересектерге арналған арнайы оқу залдары қарастырылған. Кітапхананың басты ерекшелігі де осында. Оған қоса, бірінші қабатта кітапхананың негізгі қызметтік және оқу залдары орналасқан. Мұнда кітап қорын заманауи талаптарға сай сақтауға және оқырмандарға электронды форматта ұсынуға мүмкіндік беретін сканерлеу және цифрландыру кабинеті бар. Сондай-ақ компьютермен және интернетпен жабдықталған мультимедиа залы жұмыс істейді. E-gov порталы арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған. Ал, кітапхананың екінші қабатында кітапхананың балалар бөлімі орналасқан. Мұнда интернетке қосылған, компьютермен жабдықталған ІТ-зал бар. Сондай-ақ 56 орындық оқу залында балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылған. Бұл олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Үйірмелер өткізу үшін «Балауса» оқу кеңістігі және балалардың пайдалы уақытын ұйымдастыруға арналған коворкинг орталығы құрылған. Сонымен қатар екінші қабатта түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге жағдай жасалған акт залы орналасқан.
Еске салсақ, бұған дейін аудандық кітапхана мен балалар кітапханасы ауылдық әкімдік ғимаратында және Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ішінде отырған болған. Жалпы, облыс құрылғалы бері өңірдегі 150 кітапхананың кітап қорының саны 2,8 миллионнан асқанын айта кеткен жөн.





