Ауыр атлетикадан Ташкент қаласында өткен жасөспірімдер мен жеткіншектер арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз болған Снежана Кашкарова, Ақжол Құрманбек, жүлдегер атанған София Шешукова, Әлихан Әскербай, Маргарита Ермакованы облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. Өз кезегінде спортшылар да аянып қалмайтынын айтты.
– Жетісу өңірін «ауыр атлетиканың Отаны» деп жатады. Әсіресе Үштөбеде қалыптасқаны жасырын емес. Өздеріңізбен қуанышты жаңалықты бөліскім келіп отыр, Үштөбе қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салып жатырмыз, соның 1-қабатында ауыр атлетикаға арналған арнайы зал болады. Спортшыларымыздың кедергісіз жаттығумен айналысып, жарысқа шығуын тікелей қадағалап отырамыз. Алдағы болатын оқу-жаттығу жиындарын дене шынықтыру және спорт басқармасымен ақылдасамыз. Ал жас спортшыларымыздың дәл осындай жетістігі бізді қуантады, – деді өз сөзінде Диас Рахметұлы.
Азия чемпионатында 57 келіде сынға түскен 15 жастағы Снежана Кашкарова 17 және 20 жасқа дейінгілер арасында 5 алтын медаль жеңіп, абсалютті чемпион атанды. Жұлқа көтеруде қазақстандық спортшы 88 келіні, серпе көтеруде 112 келіні бағындырып, екі сайыстың қосындысы 200 келіні көрсетті. Осылайша Азияның 3, әлемнің 3 рекордын жаңартты.
– Алаңсыз жаттығумен шұғылданып, жарысқа баруымызға қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығына алғыс білдіреміз. Дәл осы нәтижемен шектеліп қалғымыз келмейді. Олимпиада ойындарына қатысып, Әлем чемпионаттарында сынға түсіп, жүлделі болсақ дейміз. Сол мақсатта аянбай тер төгіп, көп уақытымызды залда өткіземіз. Жетісу жерін, қазақ елін әлі талай әлемдік жарыста танытамыз деп ойлаймын, – дейді Снежана Кашкарова.
Ал Сарқан ауданының тумасы Ақжол Құрманбек 85 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жұлқа көтеруде 160 келіні, серпе көтеруде 198 келіні бағындырды. Қос сайыс қорытындысы бойынша 359 келіні көрсетіп, Азияның екі жаңа рекордын орнатты.
– Жарыс ойдағыдай өтті. Бапкерлердің берген нұсқаулығын бұлжытпай орындауға тырыстық. Нәтижеге ризамыз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті жақсарту үшін барымды салатын боламын. Дәл қазіргі мақсат – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін олимпиада ойындары. Төрт жылдықтың басты додасына қатысып, өз елімнің Әнұранын әлем алдында шырқатқым келеді, – дейді Ақжол Құрманбек.
Жиын соңында Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетіліп, ақшалай сыйлық табысталды. Бұл марапат – спортшылардың еңбегіне көрсетілген қолдаудың және олардың жоғары жетістіктеріне берілген лайықты бағаның белгісі.
Серік ҚАНТАЙ





