«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайынов Жетісу облысына арнайы іссапармен келді.
Сапардың мақсаты – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің XI съезінде айқындалған, Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» бастамаларын іске асыруға бағытталған «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасының жеті басым бағыты аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысу болды.
Әбілғазы Қалиақпарұлы алдымен қаладағы Ардагерлер үйіне бас сұғып, оның тыныс-тіршілігі, ардагерлерге көрсетіліп отырған қолдау шаралары және қызмет түрлерімен танысты. Осылайша облыстағы ардагерлер ұйымының жұмысын көзбен көріп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалардың нәтижесіне оң баға берді. Сонымен бірге алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары айқындалып, нақты бағыт-бағдар берілді.
– Биыл көктемде өткен республикалық ардагерлер ұйымының съезінде бұрынғы басшы денсаулығына байланысты өз өкілеттігін тоқтатқан соң жаңа төраға сайланды. Сондықтан бұл сапарды танысу сапары деуге болады. Әбілғазы Қалиақпарұлы өңірлердегі ұйым филиалдарында іске асырылып жатқан жобаларымен жергілікті жерде танысу үшін келді, – дейді облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт.
Сондай-ақ ол өңір ардагерлерінің жаңа төрағаға көрсетіп, таныстыратын дүниелерінің аз емесін, олардың қатарында ардагерлердің бірегей еңбектерінің, ұйымның атқарған жұмыстары мен түрлі жобаларының бар екенін атап өтті.
Сапар барысында Әбілғазы Қалиақпарұлы жергілікті ардагерлердің еңбектерімен ерекше қызығушылықпен танысып, әсіресе облыстық ұйым тарапынан жарық көрген кітаптар топтамасына айрықша баға берді. Бұдан соң белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысы таныстырылды. Мұнда зейнет жасындағы азаматтарға 12 қызмет көрсетіледі. Әбілғазы Қалиақпарұлы орталыққа келушілермен әңгімелесіп, мекеме жұмысына қатысты пікірлерін сұрады, ұсыныс-тілектерін мұқият тыңдады.
– Жеті бағытты және алдағы уақытта орындалуы тиіс жұмыстарды талқылап, ел-жұртпен жүздесуге келдім. Бүгінгі таңда елімізде екі жарым миллион ардагер бар. Олардың білімі мен тәжірибесін пайдалана отырып, жас буынды тәрбиелеу, ақыл беру, жол көрсету, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу, бар білгенімізді үйрету – басты міндет. Жеті бағыттағы жаңа бағдарламаны орындау біз үшін аса маңызды. Бұған дейін алты облыста кездесу өткіздім. Жетісулық ардагерлердің бас қосар орны бар екен. Ал өзге аймақтарда мұндай орындар жоқ. Облыс ардагерлерінің бір шаңырақта бас қоса отырып, бүкіл жұмысты атқарып отырғаны үлкен мақтаныш. Сондықтан осындай жақсы мүмкіндіктерді пайдаланып, бірлесе қызмет атқаруға тиіспіз, – дейді Әбілғазы Құсайынов.
Келесі кезекте Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында аймақ ардагерлерімен кездесу өтті. Жиында ардагерлер ұйымдарының алдында тұрған міндеттері, сондай-ақ «Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар» жобасы бағыттарын тиімді жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Кездесуде қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелер мен алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгіледі.
Жұмыс сапарын қорытындылаған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен кездесті. Онда аймақтағы ардагерлер қозғалысын қолдау және алдағы өзара іс-қимыл мәселелерін сөз етті.
Айгүл БАЙБОСЫН





