Асқар да асқар тауым бар, аймауыт сауыт асынған, ақ ала орда қондырған Алтай-Атырау арасын ен жайлаған Алаштай асқақ қауым бар, ырыс боп көктен құйылған жеріне аппақ жауындар, шайқалмаған шаңырағы басынан нәубет өтсе де, сан сынақ пен соғыстар қабырғасын сөксе де, ұрса да долы дауылдар.
Әр оғланы жыр төккен, сазсырнайдай мөлдір бір Алатаудың бауырынан ғасырға лайық сыр төккен, Қаратаудың басынан бұлың да бұлың бұлт өткен, Хан Тәңірдің ұшарын арманына балаған, ұждандай қымбат Отанын сүйетін асқан құрметпен!
Шалқар да шалқар көлім бар, шанағы берік қобыздай толқыны күйді тулатқан, шағаласын шулатқан, бұлақтан өмір алатын, өзеннен бақыт табатын, кемеріне жеткенде халыққа беріп ырысын, жер ананың үдеткен лүпілі мен тынысын, әр тамшысы құт болып туған жердің дариға-ай көкке малған манатын. Көлімнен мейір қандырып қырандай қайсар ел болдық, дәуірдің қаққан қанатын!
Толқын да толқын теңіз бар, ел мен елді жалғаған, кеудесінде ақ кеме аққуындай ақжалға бауырын көміп самғаған, қойнауында маржаны, қолқасында сазаны, еңбек емген қазақтың зырлаған жүйткіп қайығы, мұнайым шықса бұрқырап Құдайдан құт кеп қонатын, теңіз берген байлықтан бетке алып біздер келеміз дамыған елдер санатын.
Көл мен теңіз киесін жыр қылып жазған сан ақын, ұрпағының көзінде ұждандай алау от көрем «Отаным» десе жанатын.
Салқар да салқар далам бар, сандық тасы зерленген, қой тастары мөрленген, балбал тасы бабамның ерлігімен ен көрген. Осынау құтты даламның қурайына құдай-ау, жер жаһанның жақұтының тұтасын да теңгермен. Төсінде түлік ойнаған, масатыдай шалғыны жазында қаулап жайнаған, берекелі даламда ақ сақалды қарттарын қасиет деп танығам, ақ жаулықты әжеден қуат алғам, дамығам. Әкеден асқақ тауым жоқ, оқ жонғам, намыс жанығам. Анадан мөлдір айдын жоқ, қазақ деген ел едік арманы бар, қайғы жоқ! Тек Отаның тағдырын артық көрген Арынан!
Отан, Отан қастерлім, асқар тауы, теңізі, айдын көлі – егізі, даласын еткен дүрия, оғлан үшін Алаштың Отан деген алдымен Ұжданы қонған Ұлы ұя.
Отан, Отан байлығым, оттан жалын – ұлы ұғым, бал бұлақтан тұнығым, ақын көзбен толғансам ардан мысқал биігім, Атамекен, ақ мекен – пейіштей кеніш ұйығым; елім деп тілдің бір жазсақ толық түйінін, тауларымдай асқақтар кере де қарыс иығым. Қобыз күйге қосқанбыз дәуірлердің құйынын, домбыраға телігенбіз ділмар ғасыр керуеннің өткелегін, тұйығын, күпсектесек көк тасқа қашағанбыз тілменен шешендіктің шиырын, көксемдіктің күй-үнін, шамырқанып жыр төксек сан арпалыс кезеңнің өткелегін, тұйығын тарих қылып қаттадық, Отан деп дастан жаттадық, Ұждан деп арды сақтадық!
Отан-ана гүлден сен, Елім менің – ардағым, мыңжылдыққа жалғай бер қазақтың асыл Арманын…
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





