2026-2027 оқу жылына білім саласы бірқатар жаңашылдықпен қадам басқалы отыр. Мектептерде цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бағытында қандай жұмыстар атқарылады? Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру және оқушылардың білім сапасын жақсарту үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовпен арнайы сұхбаттастық.
– Дәурен Хабдолданұлы, Жаңа оқу жылын қандай жаңалықтармен қарсы аласыздар?
– 2026-2027 оқу жылы Қазақстанның орта білім беру жүйесі үшін ауқымды заңнамалық, әдістемелік және мазмұндық өзгерістер кезеңі болмақ. Жаңа оқу жылында цифрландыру, құқықтық сауаттылық, оқыту тәсілдерін жаңарту және тәрбие концепциясы бір арнаға тоғысып, білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Ең басты жаңашылдықтардың бірі – жасанды интеллект пен цифрлық сауаттылықтың негізгі бағытқа айналуы. Бастауыш сыныптарда «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5-11-сыныптарда «Информатика және жасанды интеллект» пәндері оқытылады. Бастауышта цифрлық қауіпсіздікке басымдық берілсе, орта және жоғары буында робототехника, бағдарламалау және ЖИ құралдарын саналы пайдалану қамтылады. Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, тек дидактикалық материалдар дайындауға арналған көмекші құрал ретінде қолданылады. Ал оқушыны бағалау мен қорытынды шешім педагогтың құзыретінде қалады. Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында жаңа міндетті курстар енгізіледі. 5-7-сыныптарда «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарда «Заң мен Тәртіп», ал 5-11-сыныптар аралығында «Жеке қауіпсіздік» курсы жүргізіледі. Аталған шаралар оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін түсініп, цифрлық және дербес деректерін қорғау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Оқу процесі Конституция, «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы», «Жасанды интеллект туралы» Заңдармен және оқу жылының мерзімдерін реттейтін №213-НҚ бұйрығымен айқындалады. Инклюзивті білім беруде педагог бақылауынан бастап, мамандар тексерісі мен ПМПК консультациясын қамтитын жүйелі сүйемелдеу алгоритмі бекітілді. Ал «Келешек мектептерінде» STEM, робототехника және жаратылыстану кабинеттерін зертханалық жұмыстарға толық пайдалану, 7-сыныптан бастап бейіналды даярлық пен кәсіптік бағдар беру жұмыстары күшейтіледі.
– Бастауыш сыныптардың оқу бағдарламаларына қандай өзгерістер енгізілді және оның негізгі мақсаты?
– Оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесінде айтарлықтай өзгерістер бар. 1-сыныпта бағаламау тәртібі сақталғанымен, 2-4-сыныптарда формативті, аралық және қорытынды бағалаудан тұратын жаңа ағымдық бақылау форматы енеді. Қазақ тілді 1-сынып оқушыларының тілдік базасын дамыту үшін арнайы бейімдеу бағдарламасы қарастырылған. Сонымен қатар 10-11-сыныптардың үлгілік оқу жоспарлары қайта қаралып, бұған дейін төмендетілген жүктеме салдарынан кейбір мектептерде оқытылмай қалған жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер қайта оқытылады. Мұғалімдер оқушының біліміндегі олқылықтарды анықтау үшін бағалау деректеріне педагогикалық талдау жасап, оқытуды даралайды. «Зерделі ұлт» идеясы аясында «12 ай – 12 кітап» жобасы енгізіліп, оқу мәдениетін қалыптастыру барлық пәнге ортақ міндет ретінде жүктеледі. Тәрбие жұмысы «Адал азамат» бағдарламасы негізінде цифрлық өнімдерді, подкасттар мен виртуалды экскурсияларды қолдану арқылы бірыңғай орта ретінде ұйымдастырылады.
– Мұғалім мәртебесін көтеру туралы көп айтылады. Ал іс жүзінде жас мамандарды ауыл мектептеріне тарту қаншалықты тиімді жүзеге асырылуда?
– Жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 15 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді деп болжануда. Оның ішінде 3 мыңға жуық педагогтың еңбек өтілі 3 жылға толмайды. Бітіруші түлектер қатарынан жұмысқа орналасқан жас мамандардың саны жылдан жылға көбеюде. 2024-2025 оқу жылында 251 түлек қабылданса, өткен оқу жылында колледж және жоғары оқу орындарының түлектері қатарынан 292 жас маман жұмысқа орналасты. Биыл 300-ден астам түлекті жұмысқа қабылдау жоспарлануда. Мектептерде математика, физика, химия, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне қажеттілік сақталуда. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттары тағайындалып, 2017 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға барлығы 657 грант бөлінді. Ауылды жерлерге білікті мамандарды тарту және тұрақтандыру мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2022 жылдан бастап 1 377 маманға көтерме жәрдемақы, 554 маманға тұрғын үй сатып алуға төмен пайызбен несие берілді. Сонымен қатар мұғалімдердің 29-ы тегін тұрғын үймен, 37-сі қызметтік тұрғын үймен, 3-еуі жатақханамен, 154-і тұрғын үйді жалдауға өтемақымен, 9898-і коммуналдық қызметтерге өтемақымен қамтылды. Атқарылып жатқан әлеуметтік қолдау мен жас мамандарға көрсетіліп жатқан жан-жақты әдістемелік көмектің нәтижесінде облыс бойынша пән мұғалімдеріне деген қажеттілік оқу жылы ішінде 96-дан 49-ға дейін азайды.
– Қазіргі таңда ата-аналарды алаңдататын мәселелердің бірі – білім сапасы. Өңір мектептерінде білім көрсеткіштері қай деңгейде және оны жақсарту үшін қандай қадамдар жасалуда?
– Білім беру жүйесінің тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіш – білім сапасы. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,1% . Өткен жылмен салыстырғанда 0,3 пайызға артты. Мемлекет басшысы қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты қысқарту жөнінде нақты міндет жүктеді. Соңғы жылы ауыл мектептеріндегі білім сапасы 0,6 пайызға артып, 64,8% болғанымен, қалалық мектептерде бұл көрсеткіш 65,5%-ды құрады. Өңірдегі мектептердің 80,5%-ы (253 мектеп) ауылдық жерде орналасқан. Өткен оқу жылында 50 мектепке атаулы қолдау жүйелі көрсетілді. Нәтижесінде білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингінде сыртқы бағалауға қатысқан 4-сынып оқушылары республика бойынша 4-орынды, ал 9-сынып оқушылары 7-орынды иеленді. Оң тәжірибені тұрақтандыру үшін білім басқармасы Жобалық кеңсе құрып, нәтижесі төмен 60 мектепке оқу жылының соңына дейін атаулы қолдау көрсетуді жоспарлауда.
– Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қандай жағдай жасалады?
– Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 8 901 бала тіркелген. Оның 6 278-і инклюзивті біліммен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға түзету-дамыту қызметтерін көрсету бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, 270 бала тиісті қызметтермен қамтылуда. Бұл бағытта облыста 1 162 арнайы маман еңбек етеді. Сонымен қатар 19 арнайы білім беру ұйымы – 5 ПМПК, 10 түзету кабинеті және 4 мектеп-интернат, 5 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында Кербұлақ және Панфилов аудандарында қосымша инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу жоспарлануда.
– Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Бұл бағыттағы іс-шаралар мұғалімдердің кәсіби, психологиялық-педагогикалық және цифрлық құзыреттерін кезең-кезеңімен жетілдіруге бағытталған екі негізгі блокты қамтиды. Бала құқықтары, қауіпсіздік және психологиялық қолдау бағыты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» КеАҚ-мен бірлесе отырып бекітілген 2026 жылғы жоспарға сәйкес «Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу» және «Білім беру ұйымдарында буллингтің алдын алу бағдарламасының ғылыми-практикалық негіздері» тақырыптары бойынша 425 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, сертификатталды. Облыстық әдістемелік орталық тарапынан мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыруға және ЖИ құралдарын оқу процесіне тиімді кіріктіруге бағытталған «Digital Teacher – Smart AI» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 800-ге жуық педагог оқытудан өтті. Республикалық деңгейде «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы арқылы «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» бағыты бойынша бекітілген 490 педагогтың ішінен 231-і біліктілікті арттыру курсын аяқтап, сертификат алды. Сонымен бірге, «AMANAT» партиясының «Daryn Ustaz» орталығының жобалары мен «USTAZGA AI» жобасы аясында 17 259 педагог цифрлық құзыреттерді дамыту және ЖИ құралдарын пайдалану курсын оқыды. Облыстың 39 мектебі eData.kz білім беру жасанды интеллект платформасына қосылып, цифрлық дағдыларды дамыту бағдарламасы шеңберінде 4 000-ға жуық педагогке ChatGPT сервисін сабақ барысында пайдалану мүмкіндігі берілді. Атқарылып жатқан бұл жүйелі шаралар заңнамалық талаптарды сапалы орындауға, өңірдегі білім сапасын арттыруға және қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға толық негіз болады.
– Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Әңгімелескен Медет ЖҰМАБАЙ





