Ескелді ауданының Елтай ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп жаңа оқу жылын жаңғыртылған, заманауи талаптарға сай жабдықталған білім ордасында бастады.
1986 жылы салынған мектеп ғимаратына 2025 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, жұмыстар тоғыз ай көлемінде атқарылды. Жаңғырту барысында оқу кабинеттері жаңартылып, білім алушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық берілді. Бүгінде мектепте 35 оқу кабинеті жұмыс істеп, 62 мұғалім 565 оқушыға білім мен тәрбие беруде. Биыл 63 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Білім ордасының сыртқы аумағы да абаттандырылып, жасыл желек пен гүлдер отырғызылды. Оқушылардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында футбол, баскетбол және өзге де спорт алаңдары салынды.
Мектептің ашылу салтанатында Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов білім күні әр адамның жүрегінде ерекше із қалдыратынын атап өтіп, ұстаздарға кәсіби жетістіктер тіледі. Сондай-ақ мектептің материалдық-техникалық базасының нығаюына ата-аналар мен ел азаматтарының қолдауы маңызды екенін айтып, мектеп түлегі, Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсайыновқа алғыс білдірді.
Айтулы күнде мектепте 8-сынып оқушыларына арналған «Жас сақшы» кадет сыныбы да ашылды. Сыныпта 24 оқушы – 15 ұл, 9 қыз білім алады. Олардың қатарында 3 оқу озаты және 9 екпінді оқушы бар.
«Бүгінгі күні оқушылардың патриоттық тәрбиесіне, тәртібі мен жауапкершілігіне, Отанына деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Осы мақсатта кадет сыныбын ашу – маңызды бастама», – деді Сарқытбай Құсайынов.
Ол жас сақшыларға бұл сыныптың алғашқы шәкірттері ретінде тарихта қалатындарын айтып, білім жолында табыс тіледі. “Жас сақшы» кадет сыныбының арнайы формасын аудандық полиция департаменті тіктіріп берді. Жаңа сынып оқушылардың бойында тәртіп, жауапкершілік, патриоттық сезім мен елге қызмет етуге деген ұмтылысты қалыптастыруға бағытталмақ.
Жаңғыртылған мектептің ашылуы – Елтай ауылының тұрғындары үшін қуанышты әрі маңызды оқиға. Заманауи білім ордасы ауыл балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Гүлжан ТҰРСЫН





