Қазақстанда ауылдық шағын жинақты мектептердің білім беру жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталған білім беру платформасы ресми түрде іске қосылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің білім саласындағы сандық сауаттылық пен технологиялық серпін жаңа белеске көтерілді. Шалғай елді мекендердегі оқушылар мен ұстаздар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі арнайы Жарлығын орындау аясында Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте алғашқы пилоттық жоба бастау алды.
Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде еліміздегі ең алғашқы инновациялық сабақты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің м.а. Жаслан Мәдиев ашып, оқушыларға арнайы құттықтау сөзін арнады.
Жаслан Мәдиев өз сөзінде білім алушыларға серпінді қолдау білдірді:
«Бүгін сіздер елімізде алғашқылар болып ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасының көмегімен оқуды бастап отырсыздар. Бұл – үлкен мүмкіндік. Алайда білім алудағы ең бастысы – сіздердің білуге деген құштарлықтарыңыз, еңбектеріңіз және жаңа нәрсені үйренуге деген ынталарыңыз. Оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тілеймін. Алда сіздерді көптеген қызықты жаңалықтар күтіп тұрғанына сенімдімін», – деді ол.
Жобаның негізгі ерекшелігі – гибридті оқыту форматында. Сабақтарды Астана қаласының үздік педагогтері «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының арнайы студиясынан тікелей эфирде жүргізеді. Ал ауыл мектептеріндегі жергілікті мұғалімдер сыныптағы оқу процесін үйлестіріп, балаларға офлайн режимінде бағыт беріп отырады. Мұндай жүйе қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтып, әрбір оқушыға алдыңғы қатарлы білім алуға жол ашады.
Халықаралық деңгейдегі сарапшы доктор Кай-Фу Лидің ұсынымдары негізінде әзірленген платформа Оқу-ағарту министрлігі, Q.AI және 01.AI компанияларының бірлескен еңбегі. Тамыз айында Астанада өткен ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp тренингінде дайындықтан өткен ұстаздар енді бұл жүйені практикада қолдануды бастады. Пилоттық жоба нәтижелі аяқталған соң, жүйені Жетісу өңірі сияқты өзге де аймақтардың мектептеріне енгізу жоспарланған.





