Қазақстанда алғаш рет ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2026 жылғы 20-22 қазан аралығында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы ұйымдастырылады. Бұл оқиға халықаралық азаматтық авиация және киберқауіпсіздік саласындағы ең негізгі жаһандық жиындардың бірі саналады. Еліміз алғаш рет әлемнің түкпір-түкпірінен авиациялық әкімшіліктердің жетекшілерін, халықаралық сарапшылар мен сала өкілдерін тоғыстыратын ауқымды форумның негізгі алаңына айналып отыр.
Халықаралық ауқымды шараны Астанада өткізу Қазақстанның ИКАО-мен серіктестігі жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Бүгінгі таңда еліміз халықаралық стандарттарға сәйкестік көрсеткіші бойынша 95,7% нәтижемен әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарына енеді. Орталық Азия өңірінде көш бастап тұрған еліміз бұған дейін өңірлік деңгейдегі жиындарды сәтті өткізіп келсе, енді жаһандық сахнаға нық қадам басты.
«Күрделі әлемдегі қауіпсіз аспан: баршаға арналған авиациялық қауіпсіздікті арттыру» тақырыбында өтетін форумға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума мен ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар бастаған жоғары лауазымды өкілдер қатысады. Бүгінде азаматтық авиация саласы цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіптер мен ұшқышсыз әуе кемелерінің таралуы сияқты жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Жиында осы заманауи тәуекелдерді бағалау мен алдын алу тетіктері жан-жақты талқыланады.
Форум аясында қатысушылар инновациялық технологияларды енгізуді, кадрлық әлеуетті арттыруды және геосаяси тұрақсыздық жағдайында ақпарат алмасудың тиімділігін сөз етеді. Аталған талқылаулар ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспары (GASeP) негізінде өтіп, 2027 жылы өтетін жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға (HLCAS/3) дайындықтың маңызды кезеңіне айналмақ.
Жетісу облысында да көлік және логистика саласы қарқынды дамып келеді. Өңірдегі әуежайлар мен логистикалық хабтардың қауіпсіздігін халықаралық талаптарға сәйкестендіру ел ішіндегі туризм мен экономикалық байланыстарды нығайта түседі. Астанада өтетін жаһандық жиын елдің авиациялық беделін көтеріп қана қоймай, жергілікті инфрақұрылымның дамуына да оң ықпал етеді.





