Адам өмірінде түрлі жағдай болады. Кейде отбасының табысы азайып, бала-шағаның қажетіне қаражат жеткізу қиындайды. Кейде денсаулығына байланысты күнделікті тіршілікте біреудің көмегіне мұқтаж жандар кездеседі. Осындай сәттерде мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызы ерекше. Ақсу ауданында мұндай азаматтарға көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жыл басынан бері жүйелі жүргізіліп келеді.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Қайрат Бекбалановтың айтуынша, бөлімнің негізгі мақсаты – көмекке мұқтаж адамды назардан тыс қалдырмай, оған қажетті қолдауды дер кезінде көрсету.
Жыл басынан бері 111 аз қамтылған отбасының 639 адамына 43 млн. 412 мың 752 теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Мұның соңында баласының қамын ойлаған ата-ана, отбасының жағдайын түзетуге тырысып жүрген жандар тұр. Әлеуметтік көмек осындай отбасыларға қиындықты еңсеруге аз да болса демеу болады. Әсіресе бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін мұндай қолдаудың орны бөлек. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі 179 баласына кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша 4 млн. 927 мың 710 теңге төленген.
– Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Сондықтан әлеуметтік қолдау көрсеткен кезде адамның нақты мұқтаждығына мән берген маңызды. Біздің жұмысымыздың мәні де осында – азаматтарға қолжетімді көмекті уақытында көрсету, – дейді Қайрат Тынбайұлы.
Адам үшін үйінен шығып, дүкенге бару, емханаға кіру немесе қажетті қызметті алу қалыпты нәрсе болып көрінуі мүмкін. Ал мүмкіндігі шектеулі азамат үшін осының өзі үлкен кедергі. Сондықтан ауданда мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға да көңіл бөлінуде. Әлеуметтік нысандарда пандустар орнату, есік босағаларын реттеу, санитарлық бөлмелерді бейімдеу, баспалдақтарға арнайы белгілер қою, тактильді тақта мен қажетті ақпараттық құралдар орнату жұмыстары жүргізіледі.
Аудан бойынша Inva.gov.kz интерактивті картасына 96 нысан енгізілген. Соның 95-і бейімделген. Мүгедектігі бар азаматтарды қажетті құралдармен қамтамасыз ету де назардан тыс қалған жоқ.
Алты ай ішінде 53 адам міндетті гигиеналық құралдар, 10 адам сурдо-тифлотехникалық құралдар, 9 адам кресло-арбамен, 28 адам протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. Ал 57 адам санаторлық-курорттық ем алуға мүмкіндік алды.
Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар 20 адамға жеке көмекші, тағы 4 адамға ымдау тілі маманы қызмет көрсетуде. Жеке көмекші қызметі сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ қозғалысы шектеулі адам үшін біреудің жанында болып, күнделікті қажетті шаруасына қолғабыс ету – үлкен қолдау. Әлеуметтік саланың жұмысы кейде есептегі сандармен өлшенеді. Алайда әр санның артында нақты адам, нақты отбасы, тағдыр бар. Сондықтан бұл саладағы ең басты нәтиже – қанша қаржы бөлінгені емес, сол көмектің кімге және қаншалықты қажет болғаны.
Ақсу ауданындағы әлеуметтік бағдарламалардың негізгі бағыты да осыған келіп саяды. Қиналған адамға қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі жанға жағдай жасау, көпбалалы отбасына демеу болу – қоғамдағы адамдық жылылықтың бір көрінісі. Бөлімнің алдағы жұмысы да осы бағытта жалғасып, әлеуметтік көмекке мұқтаж әр азаматтың мәселесін шешуге мүмкіндік жасауға бағытталмақ.
Гүлжан ТҰРСЫН





