Тіл – ұлттың жадын сақтаған асыл қазына, елдің елдігін айғақтар рухани тұғыр. Халықтың тарихы, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен болмысы ең алдымен ана тілінен көрініс табады.
Бүгінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту туралы көп айтамыз. Алайда тілдің тұғыры ең алдымен күнделікті қолданыста бекемделеді. Қазақша сөйлегенімізге мәз болып қана қоймай, тіліміздің тазалығы мен мәйегіне де мән бергеніміз жөн. Өзге тілдің сөзін орынсыз араластырып, ана тілімізді шұбарлау – тілге деген құрметті әлсіретеді.
Тілдің тағдыры тек мемлекетке немесе белгілі бір мекемеге жүктелер міндет деуге келмейді. Оның баянды болуы отбасындағы әңгімеден, балабақшадан, мектептегі тәрбиеден, қоғамдық ортадағы қолданыстан басталады. Бала бесіктен ана тілін естіп өссе, балабақшада, мектепте сол тілде білім алса, көшеде, қызметте, мәдени ортада еркін қолданса, тілдің тамыры да тереңдей түспек.
Қазақ тілін ғылымның, білімнің, өнердің, ақпараттың тіліне айналдыру – заман талабы. Осыған орай біз балабақшада ана тілін ұлықтау, оны насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Бүлдіршіндерге мақал-мәтел жаттатамыз. Қазақы дәстүріміз ұмыт қалмасын деп ұлттық ойын ойнатамыз. Өйткені бүгінгі ұрпақтың тілі – ертеңгі ұлттың үні.
Ана тілін ардақтау – өткенді қастерлеу ғана емес, келешекке аманат арқалау. Тіл тіршілігін оның қолданылуы айқындайды. Қазақ тілін күнделікті өміріміздің өзегіне айналдыру – әр азаматтың перзенттік парызы. Дана халқымыз: «Ертеңін ойлаған ел азбайды», деп текке айтпаса керек. Ал еліміздің ертеңі болашақ ұрпақтың қолында. Сондықтан ана тіліміздің мәртебесін асқақтату, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеу жолында аянып қалмайық.
Бақытгүл АБДРАХМАНОВА,
«Кәтия апа» бөбекжай —
балабақшасының тәрбиешісі





