Тазы – жеті қазынаның бірі болып, қазақтың саятшылық өнерімен біте қайнасқан, ықылым заманнан бері ел жадында келе жатқан текті тұқым. Атадан балаға аманат болып жеткен осы асыл мұраны ардақтап, оның бабын тауып, бағын сынап жүрген жандардың бірі – Кербұлақ ауданында тұратын Анар Қазақбаева.
Қазақы тазы мен төбет күні биыл алғаш рет аталып өтті. Мемлекет басшысының мақұлдауымен былтыр күнтізбеге енген бұл атаулы күн ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жеті қазынаның біріне балаған жануарды дәріптеуге жол ашты. Тазыны төрге оздырып, төбетті түлікке балаған Жетісу жұрты да игілікті бастамадан шет қалған жоқ.
Шұбар ауылындағы Анар Орынтайқызының шаңырағына ат басын бұрғанда, қазақтың көне саятшылық салтының бір үзік жұрнағына куә болдық. Анар ханымның айтуынша, бұл әулеттің тазы жүгіртіп, аң қағу дәстүрі арғы атасынан бастау алады. Яғни, ғасырлар қойнауынан жеткен өнердің жібі үзілмей, кейінгі ұрпаққа жалғасып келеді.

«Тіл-көзден сақтасын» деген ырыммен қолындағы тазыларының нақты санын айтпаған ол бізге екі жүйрігін көрсетті. Бірінің аты – «Сұңқар», екіншісі – «Раджа». Екеуі де таза қанды тазы.
Ат қойылуының өзінде қазақы танымның табы бар. Сұңқардай самғап, түз тағысын қуған жүйріктің жөні бөлек. Ал «Раджаның» да өз мінезі бар. Иесінің айтуынша, әр тазымен тіл табысудың өзіндік жөн-жосығы болады. Мәселен, «Сұңқарды» көбіне аңшылыққа алып шығады. Ал қорада тұрған «Лашын» атты тазы да аң қағуға әбден машықтанған. Жүйріктерді баптаудың өзін Анар Орынтайқызы атадан қалған тәсілмен жүргізеді. Әсіресе аң терісін бүлдірмей алуға үйретуге айрықша мән береді.
Күшік кезінен аңның өлі терісін пайдаланып, алдымен ауыздандырады. Желкесіне немесе тамағына ет байлап, соған дағдыландырады. Уақыт өте келе тазы аңды талаусыз, терісін жыртпастан әкелетін болады. Бұл – тазы ұстаудың сырт көзге байқала бермейтін, бірақ тәжірибелі саятшы үшін аса маңызды қыры.

Тазының қадірін білген жан оның бабын да біледі. Күшік кезінде әлсіздеу, аурушаң келетін бұл тұқымға күтім қажет. Уақтылы екпе салдырып, жем-суын реттеп, бабын келтіру керек. Анар ханым тазы бағуды ермек көрмей, үлкен жауапкершілік деп қабылдайды.
Жүйріктердің жарыстағы жүлдесі де аз емес. Облыстық, республикалық додаларды былай қойғанда, халықаралық сайыстарда топ жарып, бас бәйгені еншілеген кездері бар. Әсіресе «Раджаның» жетістігі көңіл көншітеді. Ол клубаралық түрлі бәсекелерде 15 мәрте жеңімпаз атанған. Соның төртеуі халықаралық деңгейдегі дода. Бір ғана тазыттың осындай толайым олжасы барын ескерсек, оның артында күн-түн демей төгілген маңдай тер мен үздіксіз ізденістің жатқанын аңғару қиын емес.
Анар Қазақбаева өзі де бұл саланың қыр-сырын жетік меңгерген маман. Кинолог-судья, сарапшының екінші санатына ие. Сондықтан оның тазымен арадағы байланысы жай ғана әуестікке сыймайды. Бұл – білімі мен тәжірибесін ұштастырған кәсіби бағыт.
Анар Орынтайқызы ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі. Күнделікті қызметінде балаға білім мен тәрбие берсе, бос уақытында ұлттық өнердің бір тармағын кейінгі буынға үйретіп жүр. Қазір оның бірнеше шәкірті бар. Олар ұстазынан тазы баптаудың жөнін үйреніп қана қоймай, асыл тұқымның желісін үзбеуге күш салып келеді. Шәкірттерінің қатарында Жаркенттен шыққан Хасан сондай-ақ Айдос есімді екі жас бар. Бірі Өскеменде, екіншісі Алматыда тұрады. Алыста жүрсе де, ұстазынан алған тәлімін кәдеге жаратып, тазы ұстаудың қыр-сырын меңгеріп келеді. Ұстазы болса оларды кинология саласына бейімдеп, арнайы білім алуға үндейді. Өйткені ұлттық мұраны сақтаудың бір жолы – оны білімі бар, көкірегі ояу, көзі қарақты жастарға табыстау.
Қазақ аңшылықты да бей-берекет кәсіп көрмеген. Оның өзіндік тәртібі, әдебі, жөн-жосығы болған. Аңға шығарда табиғаттың тынысын аңдап, түз тағысының бабын бағамдаған. Анар Қазақбаева да осы қағиданы берік ұстанады. Оның айтуынша, бір аңға бірнеше тазыны бірдей салу дұрыс емес. Мәселен, борсыққа бес-он тазыны қосып жіберу – аңшылық мәдениетіне жат. Себебі борсықтың терісі қалың әрі мығым. Ал тазының терісі жұқа, сүйегі жеңіл келеді. Мұндайда бір овчарка немесе лайка қосқан әлдеқайда орынды.

Анар ханым тазыларының күшіктерін 50 мың теңгеден сатады. Бұл да тұқымның сақталуына өзінше сеп. Әрбір күшік талғаммен таңдалып, текті желінің жалғасын табуы көзделеді. Сондай-ақ тазы баптау – уақыт пен қаражатты қатар талап ететін іс. Жарысқа қатысу, жол жүру, күтім жасау, жем-суын әзірлеу, екпе салдыру – бәрі де қалтаға салмақ салады. Ал Анар Қазақбаева бұл шығынның басым бөлігін өз қалтасынан көтеріп келеді.
Өзі айтқандай, кейде тазыларының күшіктерін сатып, түскен қаржыны қайтадан солардың қажетіне жұмсайды. Жарыстарға да өз қаражатымен аттанады.
– Көбіне көрмелер мен жарыстарға өз қаражатыммен барамын. Тазының күшіктерін сатып, олардың жем-суын, басқа да қажеттілігін өтеймін. Шетелдегі, халықаралық деңгейдегі жарыстарға да өз мүмкіндігіммен шығып жүрмін. Менің халықаралық деңгейде жеңімпаз атанған тазыларым бар. Мәселен, «Раджа» 15 мәрте клубаралық жарыста жеңімпаз болды. Оның төртеуі халықаралық деңгейдегі дода. Бұл – бір ғана тазымның жетістігі. Басқаларының еленбей жүрген еңбегі қаншама. Бірақ қазақы тазы асырасам да нақты қолдау жоқ, – дейді Анар Қазақбаева.
Сонда да қайтпайтын қайсар жан Анар Қазақбаеваның алдағы жоспары да ауқымды. Онға жуық көрме мен байқауға қатысып, тазыларының бағын сынамақ. Жүйріктің дүбірі алысқа жетсе, қазақтың тазысы да әлемдік деңгейде танылар еді деген үміті бар.
Төрт түлігін түлетіп, саятшылықты серік еткен көшпелі жұрт үшін иттің орны бөлек болған. Тазы – сол көне танымның бүгінгі күнге жеткен куәсі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Шұбар ауылы,
Кербұлақ ауданы





