2026 жылдың 1 қазанынан бастап Қазақстанда ғылыми зерттеулер мен оларды өндіріске енгізу сапасын арттыратын жаңа ұлттық стандарт күшіне енеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Отандық ҒЗТКЖ (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) саласын жаңғырту – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты шарты. Осы уақытқа дейін ғалымдардың еңбегі көбіне теориялық есептермен шектеліп, нәтижелерін нақты өндірісте қолдану кенжелеп келген еді. Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі төмен болып қала берді. Енгізілетін жаңа талаптар ғылым мен өндіріс арасындағы алшақтықты жойып, инновациялық идеяларды нақты бизнеске енгізуге жол ашады.
ҚР СТ «Ғылыми зерттеулер және оларды өндіріске қою. Жұмыстарды жүргізуге, есептердің құрылымы мен рәсімделуіне қойылатын жалпы талаптар» құжаты ғылыми қызметті толықтай цифрландыруды көздейді.
«Стандарттың негізгі бағыттарының бірі ғылыми зерттеулерді цифрландыру саналады. Құжат өтпелі цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын, патенттік аналитика мен цифрлық егіздерді қолданудың нормативтік негізін қалыптастырады, сондай-ақ ғылыми деректердің ашықтығы мен қайта қолданылуының халықаралық FAIR қағидаттарын сақтауды көздейді», – деп атап өтті ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Жаңа стандартта зерттеу нәтижелерін бағалаудың арнайы шкалалары қолданылады. Технологиялық әзірлемелер үшін 1-ден 9-ға дейінгі TRL шкаласы, әлеуметтік жобаларға SRL шкаласы, ал іргелі зерттеулерге KRL жүйесі енгізіледі. Сонымен бірге, медицина саласындағы зерттеулерде GLP, GCP және GMP халықаралық тәжірибелері үстемдік етеді. Ал ғылыми есептерді антиплагиатқа тексеру шегі кемінде 50 пайыз деңгейінде белгіленді. Осы орайда Жетісу өңіріндегі ірі білім беру хабтарында 4-5 млрд теңге көлеміндегі ғылыми жобаларды коммерцияландыруға жаңа мүмкіндіктер туады.
Ең маңызды жаңалықтың бірі – академиялық еркіндікті қорғау. Егер зерттеу белгіленген әдістемеге сай жүргізіліп, бастапқы гипотеза расталмаса, алынған теріс нәтиже де ғылыми жетістік болып танылады. Осы ретте ғалымдарға қаржылық санкциялар қолданылмайды. Ғылымдағы мұндай оң өзгерістер жас зерттеушілердің ынтасын арттырып, отандық технологияларды 2-3 есе жылдам дамытуға жағдай жасайды.





